АҚШ әскері Сириядағы ең ірі базасынан шығарылып жатыр

АСТАНА.KAZINFORM – Сирияның Хасака провинциясында орналасқан Касрактағы АҚШ-тың ірі әскери базасынан сарбаздарды шығару жұмыстары басталды. Бұл жұмыстары бірнеше аптаға созылуы мүмкін деп жазады «Арменпресс» Al Jazeera телеарансына сілтеме жасап.

Фото: armenpress.am

Телеарна тілшісінің мәліметінше, әскерилер Ирак Күрдістанына бағытталып жатыр. Дайындық кезеңінде Хасакадағы «Әл-Шаддади» базасы мен Дейр-эз-Зор провинциясындағы «Әл-Омар» аэродромынан ондаған әскери техника мен сарбаз Касракқа көшірілген.

АҚШ әскері «Әл-Шаддади» базасындағы миссиясын 10 күннен астам уақытқа созылған операциядан кейін толық аяқтады. Кейін нысан Вашингтонмен тікелей келісім негізінде Сирия армиясының бақылауына өтті.

Бұған дейін америкалық күштер Аль-Танф базасынан да шығарылған еді. Ол Иордания және Ирак шекарасына жақын орналасқан. Қазіргі таңда америкалық және халықаралық коалиция күштері Хасака провинциясының солтүстік-шығысындағы, Рмилан қаласына таяу Хараб әл-Джир базасында ғана қалып отыр.

Бұған дейін АҚШ ресми тұлғалары Сирия аумағынан шамамен 1000 әскери қызметкерді шығару жоспары бар екенін растаған.

Осыған дейін АҚШ-тың Сириядан барлық әскерін шығаруды жоспарлап отырғаны туралы жаздық.