АҚШ әскери қызметшілерін тестостерон тапшылығына міндетті тексеру уақытша тоқтатылды

АСТАНА.KAZINFORM - АҚШ Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерді тестостерон тапшылығына міндетті түрде тексеруді көздейтін жуырда жарияланған ұсынымдарды уақытша қайтарып алды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Stars and Stripes

Құжат 2 қыркүйекте жарияланғанымен, келесі күні-ақ ведомствоның сайтынан өшірілді. Reuters агенттігінің хабарлауынша, америкалық шенеуніктің сөзінше, ұсынымдар жаңарту енгізу үшін қайтарылған. Бұл ретте уақытша ережелер күшінде қалады.

Пентагон мен Қорғаныс денсаулығы агенттігінің сайттарында құжат пен мәлімдемеге берілген сілтемелерді ашқан кезде «Page Not Found» («Бет табылмады») деген хабарлама шыққан.

Әскери қызметшілерді тестостерон деңгейіне міндетті түрде тексеру бастамасын шілде айында АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет жариялаған болатын. Ол бұған дейін тестостеронды кеңінен қолдануды қолдаған.

Құжаттың бастапқы нұсқасына сәйкес, 30 жастан асқан ер адамдар сауалнама толтыруы керек болған. Оның нәтижесіне қарай оларға қандағы тестостерон деңгейін анықтау үшін қан талдауы тағайындалуы мүмкін еді. Тестостерон тапшылығы анықталған жағдайда гормондық терапия қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

Әйелдер үшін гормондық жағдайды және онымен байланысты бұзылыстарды бағалаудың жеке тәртібі қарастырылған.

Тексерулер әскери қызметшілерді жыл сайынғы медициналық қарап-тексеру аясында жүргізілуі тиіс болған.

Пентагон бағдарламаның мақсаты америкалық әскери қызметшілердің жауынгерлік әзірлігін арттыру екенін мәлімдеген. Тұрақты медициналық тексеру гормондық бұзылыстарды және ағзаға энергияның жеткіліксіз түсуіне байланысты мәселелерді анықтауға, сондай-ақ дер кезінде ем тағайындауға мүмкіндік береді деп болжанған.

Алайда бұл бастама медицина мамандарының арасында сұрақ туғызды. Олардың айтуынша, мұндай бағдарламаның армияның жауынгерлік әзірлігін арттыратынын дәлелдейтін дерек әзірге жеткіліксіз.

Сонымен қатар кейбір дәрігерлер тексеру идеясын қолдады. Олардың пікірінше, мұндай тексерулер әскери қызметшілердің денсаулығындағы басқа да күрделі, бірақ жасырын мәселелерді анықтауға көмектесуі мүмкін.

Осыған дейін АҚШ сенаторлары полицияның электрошокер қолғаптарын қолдану туралы жоспарын сынаған болатын.