АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ әскери күштері есірткі тасымалымен айналысатын тағы бес кемеге шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сегіз адам қаза тапты, деп хабарлады NBC News.
30 желтоқсанда АҚШ әскери күштері есірткі тасымалымен айналысатын деп шамаланған үш кемеге соққы жасап, салдарынан үш адам қаза тапты.
31 желтоқсанда тағы екі кемеге шабуыл жасалып, бір кемеде үш адам, екінші кемеде екі адам опат болды. АҚШ қарулы күштерінің қолбасшылығы оларды «есірткі лаңкестері» деп атады.
Соққылардың нақты қай жерде жасалғаны, сондай-ақ шабуылдарға дейін кеме борттарында болған адамдардың нақты саны аталмаған.
Мәлімдемеде сондай-ақ шабуылдардан кейін АҚШ жағалау күзетіне іздеу-құтқару операцияларын бастау қажеттілігі туралы ескертілгені хабарланды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Дональд Трамп АҚШ-тың есірткі картельдеріне қарсы соғыс бастағанын жариялаған болатын.