Ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ барлау қауымдастығы Сауд Арабиясы ядролық қару әзірлеу мүмкіндігінен бас тартпаған деген қорытындыға келген. Бұл тұжырым АҚШ Конгресіне ұсынылған құпия құжаттарда көрсетілген.
Бұл бағалау АҚШ-тың бірқатар заң шығарушысының алаңдаушылығын туғызды. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың Сауд Арабиясының азаматтық ядролық бағдарламасын қолдау жөніндегі келісімі себеп болып отыр.
Келісім америкалық компанияларға Сауд Арабиясында атом энергетикасы саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Бастапқы келісім уранды байыту деңгейін 5%-дан төмен көрсеткішпен шектейді. Алайда кейінгі келісім уранды 20%-ға дейін байытуға рұқсат беруі мүмкін. Бұл деңгейде уранды одан әрі өңдеп, қару жасауға жарамды сапаға жеткізуге болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сауд Арабиясы, Пәкістан және Түркия әскери ынтымақтастықты күшейткенін жаздық.
Ал АҚШ Сауд Арабиясына 24,3 млрд долларға 48 жойғыш ұшақ сатқалы отыр.