Xinhua агенттігінің хабарлауынша, бұл мәлімдемені ҚХР Сауда министрлігінің өкілі АҚШ «Қытай импортына қосымша 50 пайыздық баж салығын енгіземіз» деп қорқытқаннан кейін жасаған.
- Егер америкалық тарап өз дегенімен дұрыс емес жолға түссе, Қытай соңына дейін күреседі, - деп атап өтті ведомство өкілі.
ҚХР Сауда министрлігі АҚШ-тың Қытайға қарсы салған «өзара тарифтері» негізсіз және «біржақты қорлаудың әдеттегі тәжірибесі» деп санайды.
- Қытай қабылдаған қарсы шаралар оның егемендігін, қауіпсіздігі мен даму мүдделерін қорғауға, сондай-ақ қалыпты халықаралық сауда тәртібін сақтауға бағытталған, - делінген министрлік хабарламасында.
Өткен аптада Қытай АҚШ-тың барлық өнімдеріне 34% баж салығын енгізетінін жариялады. Олар 10 сәуірде күшіне енеді.
- Құрама Штаттардан әкелінетін барлық импорттық тауарларға ағымдағы тарифтік мөлшерлемеден 34% жоғары тариф салынады, - делінген ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Тарифтер жөніндегі комиссиясы қаулысының мәлімдемесінде.
Қытайдың бұл қадамы АҚШ-тың тариф саясатына жауап болды.
Бұған дейін президент Дональд Трамп өзінің «Ең алдымен Америка» күн тәртібінің бір бөлігі ретінде АҚШ-тың барлық сауда серіктестеріне 10% баж салығын және ондаған басқа елдерге жоғары баж салығын енгізетінін жариялады.
9 сәуірден бастап АҚШ 50% көлемінде қосымша баж салығын енгізуді көздеп отыр. Осылайша, АҚШ-тың Қытайға салынатын тарифтерінің жалпы сомасы 104%-ға жетуі мүмкін.
Бұған дейін Қытай АҚШ-тың барлық өніміне 34% баж салығын енгізетінін жазған болатынбыз.
Трамптың соңғы шешімінен кейін жаһандану жайы не болмақ – осы сілтеме арқылы оқи аласыз.