АҚШ билігі Д.Қадырбаев пен А.Тәжаяқовқа қатысты сот ісінің басталу мерзімін өзгертуді сұрауда

АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - АҚШ билігі 2013 жылдың сәуіріндегі Бостандағы лаңкестік әрекетті тергеуге кедергі келтірді деп айыпталып отырған Джохар Царнаевтың достарына қатысты істің басталу мерзімін ауыстыруды сұрауда. Ресейдің «Жаңалықтар» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, АҚШ билігі мұндай қадамға сот тыңдауына айыптаушылар тарабынан қатысуы мүмкін ең басты куәгерлердің бірінің табылуына орай барған.

Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірнеше күн бұрын Бостон федералды судьясы Мэриэнн Боулер Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Дияс Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот ісі процесін 2014 жылдың 23 маусымына белгілеген еді. Айта кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде Бостон марафонында екі жарылыс орын алып, салдарынан 3 адам ажал құшты, 200-ге жуығы жапа шекті. Кейін полиция лаңкесті жасаған екі күдіктінің ізіне шығып, олар АҚШ-та заңды түрде тұрып жатқан Солтүстік Кавказдың тумасы ағалы-інілі Тамерлан мен Джохар Царнаевтар болып шықты. Тәртіп сақшыларымен қақтығыс барысында Т. Царнаев қаза болды. Ал 19 жастағы Д. Царнаев көп ұзамай қолға түсті. Егер оның кінәсі дәлелденсе, ол өмір бойы абақтыға тоғытылады немесе өлім жазасына кесіледі. Осы лаңкестік іс бойынша Царнаевтың үш досы қазақстандық Дияс Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқов және америкалық Робел Филиппоске Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айып тағылды. Қазақстандық студенттердің кінәсі анықталатын болса, онда олар тергеуге кедергі келтіргендері үшін 20 жылға және сөз байласқандары үшін 5 жылға бас бостандықтарынан айырылуы, сонымен қатар 250 мың доллар айыппұл тағылып, 5 жылға дейін құқық қорғау органдарының ашық қадағалауында болуы мүмкін.