АҚШ бизнесменіне Қазақстанмен сауданы неден бастау керектігі түсініксіз - Самат Өмірзақов

Фото: Фото: Kazinform

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM – Трамп әкімшілігі 3 сәуір күні жаңа сауда баж салығы қолданылатын елдердің тізімін жария еткен болатын. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Кazinform меншікті тілшісіне сұхбат берген Global New York Chamber of Commerce президенті Самат Өмірзақов екі елдің сауда-саттығына мұның қалай әсер ететіндігін айтып берді.

- Нью-Йорктегі Жаһандық сауда палатасы туралы айтып берсеңіз, қандай компаниялар Қазақстанмен ынтымақтастықты жолға қойған?

- Бұл – 55 ірі бизнес-компания мүшелік ететін коммерциялық емес ұйым. Ол екі бағытқа баса назар аударады: америкалық компанияларға тауарлары мен қызметтерін халықаралық нарыққа экспортқа шығаруға көмектеседі, сонымен қатар шетелдік фирмаларға Құрама Штаттарда, әсіресе Нью-Йорк штатында бизнесін ұйымдастыруға жәрдем береді.

Қазақстандық компаниялар үшін өз үлесіміздің қосылғанын қалаймыз. Қазақстанның Нью-Йорктегі Бас консулдығының көмегімен консультативтік көмекті қажет еткендердің бәріне қызмет көрсетуге тырысамыз. Қазіргі уақытта «UMI Capital Holding» компаниясы Қазақстаннан тұтыну тауарларын импорттау және АҚШ-та қазақстандық өнімдер үшін көтерме хаб құру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

- Тауарларды жеткізудің қай бағыттары қарастырылып жатыр және Орта дәліздің рөлі қандай?

- Қазіргі уақытта бір компания АҚШ нарығы үшін шамамен 50 тонна көлемінде Қазақстан ұнының бірінші партиясын сатып алуға ниетті. Бағыт ретінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне таңдау түсіп отыр. Нақтырақ айтар болсақ, ұн Алматыда 40 футтық екі контейнерге тиеліп, одан кейін теміржол арқылы Ақтау портына жөнелтіледі. Содан соң теңіз арқылы Әзербайжанның Баку портына, ары қарай Грузияның Поти теңіз портына, содан кейін Нью-Йоркке жеткізіледі. Бүкіл жолға шамамен 60 күн кетеді.

Сонымен қатар Қазақстаннан балама бағыт ретінде Ресей аумағы арқылы Рига теңіз портына дейінгі теміржол қарастырылды. Жеткізілу мерзімі мен құнының бірдей болғанына қарамастан, Латвия арқылы бағыт бір себеппен ғана қабылданбады: Балтық елінде теміржол құрамынан жүкті теңіз контейнерлеріне ауыстыруда бақылау жоқ. Ал Алматыда тауар АҚШ-қа тікелей жеткізілетін контейнерге тиеледі.

- Трамптың 27 пайыз баж салығы АҚШ пен Қазақстанның сауда қатынасына қалай әсер етуі мүмкін?

- Бұл 27 пайыз тариф қазір бизнесмендерге салмақ сала қоймайды. Өйткені, АҚШ пен Қазақстан арасында тұтыну тауарларының сауда-саттық көлемі шағын ғана. АҚШ-қа жеткізілім тұрақты емес – тоқсанына шамамен 1-2 контейнер. Сондықтан Трамптың тариф саясатынан келетін шығын жайында айту өте қиын.

Мұның үстіне, Қазақстан өнімдері өзге өндірушілермен бәсекелесе алмайды. Өзіндік ерекшелегі бар, атап айтқанда отандастарымыз бен ТМД елдерінен шыққан адамдар арасында ғана сұранысқа ие. Мәселен, олар 27 пайыз үстеме қосылған күннің өзінде «Қазақстан» шоколадын сатып алуға дайын.

Дегенмен, Трамп тарифіне қатысты күңгірт жағдай америкалық компаниялардың болашақта Қазақстанмен экономиканың шикізаттық емес секторларында сауда байланысын кеңейту ниетіне теріс әсер етеді.

Қазіргі уақытта АҚШ-та Қазақстаннан әкелінетін өнімдерге 10 пайыз тариф қолданылады. Америка бизнесі елімізбен сауда-саттықтан орташа есеппен 10-20 пайыз таза түсім алып отыр. Тоқыма саласында мұнан да төмен – 5 пайыз (орамал, мата және т.б.). Бұл Түркия, Мысыр және Бангладешпен мықты бәсекемен байланысты. Осыған орай, тарифтің 27 пайызға көтерілуі бизнесмендердің табысына соққы болады және олардың біздің елімізбен бизнесін тиімсіз етеді.

Тариф енгізуді 90 күнге уақытша тоқта тұру маңызды емес. Себебі, бизнес-жоспар кемінде 5-10 жылға дайындалады. Демек, қалай сауда жасайтынымызды ой елегінен өткізуге тура келеді.

Кемінде тағы 5 америкалық компания елімізбен экономиканың шикізаттық емес секторында бизнес жүргізу жоспарларын қайта қарастырып жатыр.

- Қазақстаннан АҚШ-қа жүктерді жеткізу кезінде қандай қиындықтар кездеседі?

- Бұл ретте АҚШ-тың тарифті көтеруінен де қиын проблемалар бар. Екі елдің бизнесмендері үшін ең басты проблема – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бағыты бойынша тариф мөлшерлемесінің реттелмеуі. Атап айтар болсақ, Қазақстаннан АҚШ-қа бір контейнер жөнелту құны бірнеше аптаның ішінде 6 мыңнан 15 мың долларға дейін құбылуы ықтимал. Нақты тұрақты баж салығының болмауы ұзақмерзімді бизнес жоспарларды қалыптастыруға кедергі келтіреді.

Сондықтан, меніңше, тасымалдау нарығын тұрақтандыру қажет. Өйткені, контейнер тасымалы бір аптада 10 мың доллар, келесі аптада 6 мың доллар, тіпті 15 мың доллар болуы мүмкін. Қазірдің өзінде тасымал құны қанша болатындығын дөп басып айта алмаймын. Бизнес арқа сүйерлік тұрақтылық жоқ.

Келесі проблема – Ақтау портында контейнерлерді кемеге тиеу мерзімінде жүйенің болмауы. Қазақстанның теңіз айлағында кідіру себептері түсіндірілместен, 1-3 апта уақытты алуы ықтимал.

Маңызы жағынан соңғы қиындық – көптеген делдармен және Алматыда «MSC Central Asia LLP» жаһандық көлік компаниясымен тікелей жұмыс істеу мүмкіндігі жоқ. Бұл да тауардың қымбаттауына әсер етеді. Түптеп келгенде Қазақстаннан АҚШ-қа контейнерлерді тасымалдау қиындығы америкалық бизнес үшін еліміздің тартымдылығын төмендетіп жібереді.

- Сіздің ойыңызша, бизнес байланыстарды ұлғайту және кеңейту үшін екі мемлекет не істеу қажет?

- Біріншіден, жаңа атап өткен кедергі келтіруші факторларды жою қажет. Екіншіден, қос тарап та бір-біріне қатысты барынша ыңғайлы тариф қолдануда уағдаластыққа қол жеткізе алады деп үміттенемін. Үшіншіден, Қазақстанға Біріккен Араб Әмірліктері немесе Ямайка үлгісінде бизнес ашу бойынша шетелдіктерге арналған айқын экономика мен инвестициялық саясат керек. Шетелдік бизнесмендерге Қазақстанда бизнес ашу үшін құжаттардың қандай тізімінің қажеттігі, қайда және не жөнелту керектігі, күту уақыты, қызмет құны мен кері байланыс туралы нақты ақпарат қажет. Қазіргі сәтте стандартты америкалық компаниялар үшін Қазақстанмен сауда-саттықты неден бастау керектігін түсіну өте қиын болып тұр.