АҚШ Бостон марафонындағы лаңкестік құрбандарын еске алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-та бүгін бұдан бір жыл бұрын Бостон марафонында болған лаңкестік құрбандарын еске алмақ, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

2013 жылы 15 сәуірде Бостонның орталығында марафон мәресінің маңында екі жарылыс орын алды. Үш адам қаза тауып, 260 адам жараланды. АҚШ өкіметі бұл жарылыстарды ұйымдастырушы және орындаушы ағайынды Царнаевтар - 26 жастағы Тамерлан мен 20 жастағы Джохар деп санайды.

Лаңкестіктен кейін бірнеше күннен соң Тамерлан полициямен атыс кезінде өлтірілді, Джохар Бостон маңындағы жеке үйлердің бірінің ауласындағы катерден табылды және арнайы операция кезінде қолға түсті. Шілде айында оның ісі бойынша алғашқы сот тыңдаулары болды. Царнаев өзіне тағылған айыптардың барлық 30 тармағы бойынша кінәсін мойындаған жоқ.

Оған қатысты сот енді осы жылғы қараша айында өтпек. Прокурорлар оған өлім жазасын беруді талап етпек.

Негізгі еске түсіру шаралары Бостондағы конференц-орталықта өтеді. Оған АҚШ вице-президенті Джозеф Байден, Бостон мэрі Мартин Уолш, Массачусетс штатының губернаторы Девал Патрик, сондай-ақ лаңкестік кезінде қаза болған және зардап шеккен адамдардың туыстары қатыспақ. Жергілікті уақытпен 14.30-да жарылыс орнында американдық жалау көтеріліп, үнсіздік минуты жарияланады.