Басылымның жазуынша, бұл деректерді 2026 жылдың маусым айының соңындағы АҚШ үкіметінің ішкі құжаттарынан көруге болады. Вашингтон мигранттарды қабылдауға келісім берген және бұл жөнінде келіссөз жүргізіп отырған мемекеттердің көпшілігі — Африка мен Латын Америкасы елдері.
Үшінші елдермен жасалған келісімдер бойынша АҚШ депортацияланған мигранттарды өз отанына емес, керісінше азаматтығы жоқ және бұрын ешқандай байланысы болмаған елдерге жібере алады.
Келіссөздерді АҚШ Мемлекеттік департаментінің жанынан құрылған Office of Remigration жүргізіп жатыр. Шамамен 15 қызметкері бар кеңсе Халық, босқындар және миграция бюросының құрамына кіреді. Оны Мемлекеттік департаменттің қызметкері Кристиан Эрхардт басқарады. The Washington Post басылымының мәліметінше, Эрхардт депортацияланған мигранттарды қабылдау бойынша әртүрлі елдердің билік органдарымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Маусым айында ол Кот-д'Ивуар, Гамбия, Гвинея-Бисау, Того және Габон сияқты елдерге барған.
Келісімдердің қаржылық шарттары әртүрлі. Басылым танысып шыққан құжаттарға сәйкес, 13 елдің үкіметтеріне тікелей төлем ретінде шамамен 81 миллион доллар аударылады. АҚШ әкімшілігі Халықаралық көші-қон ұйымына тағы 179 миллион доллар, ал БҰҰ-ның Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасына келісімдерге қатысушы елдердегі босқындарға қатысты жобалар мен инфрақұрылымды дамыту үшін 124 миллион доллар жіберуге уәде берді.
Дегенмен, аталған халықаралық ұйымдар ремиграция туралы келісімдердің тікелей тараптары емес. The Washington Post газетінің құжаттар мен дереккөздерге сілтеме жасай отырып жазғанына қарағанда, Вашингтон мен қабылдаушы үшінші елдердің үкіметтері арасындағы келіссөздер барысында жобаларды осы ұйымдар арқылы қаржыландыру талқыланған.
Қабылданатын мигранттар саны, олардың азаматтығы және соттылығының бар-жоғына қарай әр елмен әртүрлі келісім жасалған. Кей елдер депортацияланғандарды уақытша орналастыра тұруға, кейіннен оларды басқа елге жіберуге келісім берген.
Басылымның мәліметінше, мұндай келісімдер аясының кеңеюі — Дональд Трамп әкімшілігінің АҚШ-тан депортацияланатын мигранттар санын көбейтуге бағытталған иммиграциялық саясатының бөлігі.
Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ заңсыз мигранттарды депортациялау үшін мемлекеттік әуе компаниясын құратынын хабарлаған едік.
Нұрлан Тұяқов