АҚШ президенті Дональд Трамп Сопақ кабинетте тілшілер алдында сөйлеген сөзінде «алтын картаның» құны шамамен 5 млн АҚШ доллары тұратынын атап өтті.
- Біз алтын картаны сатпақпыз. Сізде жасыл карта бар. Ал бұл – алтын карта. Біз бұл картаны шамамен 5 млн долларға бағалаймыз және ол сізге жасыл картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар ол азаматтық алуға жол салады. Дәулетті адамдар осы картаны сатып алып, елімізге келеді, – деді Дональд Трамп.
АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Лютниктің түсіндіруінше, алтын карта үкіметтің EB-5 иммиграциялық виза бағдарламасын алмастырады. Трамптың айтуынша, алтын карталарды сату екі аптадан кейін басталуы мүмкін. Ол миллиондаған карта сатылатынын шамалап отыр.
- Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл заңды, - деді АҚШ президенті.
Бұған дейін АҚШ Конгресі заңсыз иммигранттарды қамауға алу туралы заң қабылдады. https://kaz.inform.kz/news/aksh-kongres-zansiz-immigranttardi-kamauga-alu-turali-zan-kabildadi-149e18/
Еске сала кетсек, Дональд Трамп өкілеттігінің үшінші күнінде АҚШ-тың оңтүстік шекарасын заңсыз иммигранттар үшін жауып, оларды депортациялауды ұлғайтуға бағытталған жарлықтарға қол қойды.
Бұған дейін АҚШ 119 заңсыз мигрантты Панамаға депортациялағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ АҚШ 135 заңсыз мигрантты депортациялайды, олардың жартысы балалар екенін жаздық.
АҚШ-та шетел азаматтарына қандай визалар берілетінін мына материалдан оқи аласыз.