АҚШ президенті Дональд Трамп Сопақ кабинетте тілшілер алдында сөйлеген сөзінде «алтын картаның» құны шамамен 5 млн АҚШ долларын құрайтынын атап өтті.
— Біз алтын картаны сатпақпыз. Сізде жасыл карта бар. Ал бұл — алтын карта. Біз бұл картаны шамамен 5 млн долларға бағалаймыз және ол сізге жасыл картаның артықшылықтарын береді, сонымен қатар ол азаматтық алуға жол салады. Дәулетті адамдар осы картаны сатып алып, елімізге келеді, — деді Дональд Трамп.
АҚШ-тың Сауда министрі Ховард Лютниктің түсіндіруінше, алтын карта үкіметтің EB-5 иммиграциялық виза бағдарламасын алмастырады.
Трамптың айтуынша, алтын карталарды сату екі аптадан кейін басталуы мүмкін. Ол миллиондаған карта сатылатынын шамалап отыр.
— Құқықтық тұрғыдан алғанда, бұл заңды, — деді АҚШ президенті.
Бұған дейін АҚШ Конгресі заңсыз иммигранттарды қамауға алу туралы заң қабылдады.
Еске сала кетсек, Дональд Трамп өкілеттігінің үшінші күнінде АҚШ-тың оңтүстік шекарасын заңсыз иммигранттар үшін жауып, оларды депортациялауды ұлғайтуға бағытталған жарлықтарға қол қойды.
Бұған дейін АҚШ 119 заңсыз мигрантты Панамаға депортациялағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ АҚШ 135 заңсыз мигрантты депортациялайды, олардың жартысы — балалар екенін жаздық.
АҚШ-та шетел азаматтарына қандай визалар берілетінін мына материалдан оқи аласыз.