АҚШ эсминеці Жапония жағалауында сауда кемесімен соқтығысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Әскери-теңіз күштерінің эсминеці Жапония жағалауында сауда кемесімен соқтығысты, деп хабарлайды Би-Би-Си агенттігі.

Оқиға жергілікті уақытпен түнгі 2:30-да Йокосука қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 100 шақырым жерде болған.

Американың әскери теңізшілері жергілікті жағалау күзетінен көмек сұраған.

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің мәлімдеуінше, қазіргі уақытта эсминец пен кеменің шығын көлемі әлі анықталмаған, сондай-ақ зардап шеккендер саны да белгісіз.

Алайда Рейтер агенттігі, атын жасырған шенеунікке сілтеме жасай   отырып көптеген адамның жарақат алғанын хабарлады.

Апат болған жерге жағалау күзетінің кемелері мен ұшақтары жіберілген.

Әзірге белгілісі, кеме филиппиндік контейнер тасымалдаушы және эсминецтің оң борты тесілгендіктен қозғалыссыз қалған.