АҚШ Федералдық резервтік жүйесі базалық пайыздық мөлшерлемені қайта төмендетті

Фото: investopedia.com/

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Федералдық резервтік жүйесі (ФРЖ) алты апта ішінде екінші рет федералдық несие қаражаттарына арналған пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Бұл туралы ФРЖ өз сайтында жариялады.

ФРЖ 29 қазанда жариялаған баспасөз релизінде Ашық нарық операциялары бойынша Федералдық комитеттің отырысы қорытындысы бойынша есептік мөлшерлеменің 25 базистік пунктке төмендетілгені және қазір 3,75–4,0 пайыз аралығында тұрғаны айтылған.

Америкалық ведомство соңғы айларда АҚШ еңбек нарығында байқалған тәуекелдердің өсуін өз шешімінің себебі деп түсіндірді. Яғни экономикалық белсенділік орташа қарқынмен өсуде, жұмыспен қамту қарқыны бәсеңдеген, ал жұмыссыздық деңгейі артып отыр. Сонымен бірге инфляция үдей түсті және «біршама жоғары» деңгейде қалып отыр.

«Федералдық қорлар бойынша мақсатты мөлшерлеме ауқымын қосымша түзетуді қарастыру кезінде Комитет кіріп жатқан деректерді, өзгеріп отырған экономикалық болжамдарды және тәуекелдер баланстарын мұқият бағалайды. Комитет 1 желтоқсаннан бастап жалпы бағалы қағаздар көлемін қысқартуды аяқтауға шешім қабылдады. Комитет ең жоғары жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және инфляцияны 2 пайыздық мақсат деңгейіне қайтаруға барынша ұмтылады», деп жазылған релизде.

Айта кетейік, Үкіметтің жабылуы АҚШ экономикасын тәулігіне 15 млрд доллардан айыруы мүмкін екенін жазғанбыз.