Зерттеу нәтижелері Nutrients ғылыми журналында жарияланды. Ғалымдар кофе құрамындағы кейбір қосылыстардың NR4A1 рецепторымен өзара әрекеттесетінін анықтады. Бұл ақуыз жасушалық күйзелісті, қабыну үдерістерін, зат алмасуды және тіндердің қалпына келуін реттеуге қатысады.
Зертхана жағдайында жүргізілген тәжірибелерде кофе құрамындағы кейбір заттар жасушалардың зақымдануын азайтып, қатерлі ісік жасушаларының көбеюін баяулатқан. Ал зерттеушілер NR4A1 ақуызын алып тастағанда, бұл әсер байқалмаған. Бұл кофенің қорғаныс әсері дәл осы ақуыз арқылы іске қосылуы мүмкін екенін көрсетеді.
Ғалымдардың айтуынша, жасушаларға ең күшті әсер еткен заттар – кофе дәндерінде кездесетін полифенолдар. Солардың бірі – кофе қышқылы. Ал кофеиннің де NR4A1 ақуызымен байланысатыны анықталғанымен, оның әсері әлдеқайда әлсіз болған.
Зерттеу авторларының бірі Стивен Сейфтің айтуынша, кофенің бұрыннан белгілі пайдалы қасиеттерінің бір бөлігі оның ағзаны күйзелістен туындайтын зақымданудан қорғайтын ақуызға әсер етуімен байланысты болуы мүмкін.
Сонымен қатар ғалымдар бұл нәтижелерге асығыс қорытынды жасамауға шақырады. Зерттеу адамдардың қатысуымен емес, тек зертханалық жасушаларда жүргізілген. Сондықтан ол кофе ішу қатерлі ісік немесе басқа аурулардың алдын алады дегенді дәлелдемейді. Бұл механизмнің адам ағзасында дәл осылай жұмыс істейтінін анықтау үшін қосымша зерттеулер қажет.
Айта кетелік ғалымдар кофенің қалдығын 90 секундта отынға айналдырып жатыр.