«Русская служба ВВС» мәлім еткендей, министрлік ұшқышсыз ұшатын ұшақты бақылау жүйесін бұзып, оны басқа да қызметтерді атқаратындай етіп жасайтын кез келген адамға 1000 доллар беруді уәде еткен. Бірінші болып бұған техастық мамандар қол жеткізген. Ғалымдар басқару жүйесін «спуфинг» деп аталатын тәсілмен (ағылшынның spoof - «алдау») жүзеге асырған. Бұл әдіске сай, аппарат хакерлерден келетін сигналдарды «өзінің» спутнигінің сигналы ретінде қабылдайды. Техас университеті жанындағы Радионавигация зертханасының ғалымы Тодд Хамфриз бен оның әріптестері жасап шығарған қашықтықтан басқарылатын шағын тікұшақ университетке тиесілі және бейбіт мақсатта, атап айтқанда, алқапты суару үшін қолданылған, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Енді көптеген сарапшылар ғалымдар сәтті ұтып шыққан бәс - ұшқышсыз ұшатын ұшақты пайдаланудың қауіпті екендігінің тағы бір дәлелі дейді. Бір топ америкалық ғалымдардың айтуынша, әскери мақсатта пайдаланылмайтын мұндай ұшақтар егер оның басқару жүйесін бұзып, елдімекендерге қарай бағыттаса, тұрғындар үшін қауіп төндіреді деп санайды.