АҚШ Гарвард-қа бөлінетін 2,2 миллиард доллар мемлекеттік қаржыландыруды тоқтатады

Фото: Фото: Рустем Кожыбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM –  АҚШ-тың Білім министрлігі Гарвард университетіне бөлінетін 2,2 миллиард доллар көлеміндегі мемлекеттік қаржыландыруды тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы BBC жазды.

Бұл шешім университеттің Ақ үй қойған талаптарды орындаудан бас тартқанынан кейін қабылданды.

Өткен аптада Ақ үй Гарвардқа антисемитизмге қарсы күреске бағытталған талаптар тізімін жолдаған болатын. Бұл талаптар университетті басқару жүйесіне, кадрлық саясатқа және студенттерді қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізуді көздеген. Алайда дүйсенбі күні Гарвард бұл талаптарды қабылдамай, Ақ үй университет қауымдастығын бақылауға алуға тырысып жатыр деп мәлімдеді.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі жетекші жоғары оқу орындарын Газа секторындағы соғысқа байланысты наразылықтар кезінде еврей студенттерді қорғай алмады деп айыптаған болатын. Сондай-ақ, ол студенттер арасында антисемиттік көзқарастардың күшеюіне алаңдаушылық білдірген.

«Соңғы жылдары кампустарда жиі кездесетін оқу процесінің бұзылуы — мүлдем қабылдауға болмайтын құбылыс. Еврей студенттерін қудалау — ешбір жағдайда ақталмайды. Элиталық университеттер бұл мәселеге байыппен қарап, егер салық төлеушілердің қолдауын жалғастырғысы келсе, түбегейлі өзгерістерге баруға міндетті», — делінген Білім министрлігінің мәлімдемесінде.

Министрлік сонымен қатар: «Антисемитизмге қарсы күрес жөніндегі біріккен жұмыс тобы Гарвард университетіне тиесілі 2,2 миллиард долларлық ұзақ мерзімді гранттар мен 60 миллион долларлық келісімшарттардың уақытша тоқтатылғанын жариялайды», — деп хабарлады.