АҚШ Газадағы атысты тоқтату келіссөздерін үзе тұруға шешім қабылдады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф бейсенбіде АҚШ Газа секторындағы атысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді тоқтатып, келіссөз жүргізушілер тобын Қатардан консультациялар үшін кері шақырып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.
Оның айтуынша, бұған ХАМАС-тың соңғы жауабы себеп болған, ол «атысты тоқтатуға қол жеткізуге деген ниеттің жоқ екенін көрсетті».
— Келісімге дәнекер болған тараптар барынша күш салды, алайда ХАМАС өз әрекеттерін үйлестірмей, шынайы ықыласпен әрекет етпей отыр. Енді біз тұтқындарды елге қайтарудың балама жолдарын қарастырамыз және Газа тұрғындары үшін тұрақты жағдай жасауға тырысамыз, — делінген Уиткоффтың мәлімдемесінде.
Ақ үй де, Мемлекеттік департамент те әзірге түсініктеме берген жоқ.
Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату туралы келіссөздерде Трамп әкімшілігі бірнеше ай бойы ілгерілеуге қол жеткізе алмай келеді, осы уақытта Газадағы жағдай нашарлай түскен.
Ресми тұлғалар атысты тоқтатқаннан кейін израильдік әскерлерді қайта орналастыру мәселесі негізгі кедергіге айналғанын айтты.
Бейсенбі күні Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі де ХАМАС-тың жауабына байланысты өз келіссөз тобының мүшелерін Израильге кері шақыртып алғанын хабарлады.
Келіссөз барысында қарастырылған мәміле 60 күндік атысты тоқтатуды, осы кезеңде ХАМАС-тың 10 тірі тұтқынды босатып, тағы 18 адамның сүйектерін қайтаруын көздейді. Бұған жауап ретінде Израиль түрмелердегі палестиналық тұтқындарды босатуы тиіс.
Сондай-ақ, жоба гуманитарлық көмекті арттыруды және екі тарап арасында ұзақ мерзімді бітімге қол жеткізу бойынша келіссөздер жүргізуді қамтиды.
Келіссөздер қарама-қайшы талаптарға байланысты тығырыққа тірелді. ХАМАС барлық тұтқынды тек израильдік әскер толық шығарылып, соғыс тоқтатылған жағдайда ғана босататынын мәлімдеді.
Израиль болса, ХАМАС биліктен бас тартып, қаруын тастамайынша, соғысты тоқтатуға келіспейтінін айтты. Палестиналық топ бұл шартты қабылдамай отыр.