АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) бейсенбіде Ханға қарсы санкциялар салынғанын, оның АҚШ-тағы активтеріне, елге кіруіне тыйым салғанын жариялады.
Дональд Трамп Ханға және болашақта ХҚС-тың басқа қызметкерлеріне қарсы санкциялар енгізу туралы жарлықты 6 ақпанда шығарды.
Трамптың мотивациясына ХҚС өткен жылы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Израильдің сол кездегі қорғаныс министрі Йоав Галлантты қамауға алуға ордер бергені себеп болды.
АҚШ та, Израиль де ХҚС жарғысы – «Рим статуты» деп аталатын құжатқа қол қойған жоқ және оның юрисдикциясын мойындамайды.
2023 жылдың наурызында ХҚС Ханның бастамасымен Ресей президенті Владимир Путин мен Ресейдің балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Белованы украиндық балаларды заңсыз депортациялады деп айыптап, тұтқынға алу туралы ордер шығарды.
Бұған дейін АҚШ Халықаралық қылмыстық сотқа қарсы санкциялар енгізгенін жазған болатынбыз.