АҚШ Халықаралық медиалық этика орталығы Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделі

АСТАНА. 21 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласындағы Қазақ аграрлық университетінде Тұңғыш Президент күніне орайластырылып «Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бес жылдығы аясында аталмыш оқу орнының студенттерінің қатысуымен флеш-моб өткізілді.

Бұл іс-шараның басты тақырыбы жуырда тәуелсіз мемлекетіміз тарихында тұңғыш рет қабылданған «Қазақстан Республикасы журналистерінің этикалық кодексі» болып белгіленді. Сондай-ақ, аталмыш шараны ұйымдастыруға Қазақстанды таяуда өзінің әріптесі ретінде таныған бас кеңсесі АҚШ-та, ал өкілдіктері Лондон мен Брюссель қалаларында орналасқан Халықаралық медиалық этика орталығы мүдделілік танытуда. Флеш-моб бойынша дайындалған ақпараттардың барлығы осы орталыққа жіберіледі және оның көмегімен ғаламтор арқылы Еуразия мен Америка елдеріне таратылатын болады.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры Ақылбек Күрішбаев журналистердің қоғамда алатын орнын айта келе, «Бас редакторлар клубының» 5 жылдық мерейтойымен құттықтады.

«Баспасөз адамның ақылы мен жүрегіне ерекше әсер етеді. Сондықтан да өркениетті қоғамда сөз, қоғам және ар жауапкершілігін арқалаған майталман журналистерді әрдайым мақтан тұтамыз. Жоғары кәсіби шеберлікті игере отырып, үнемі дәуір үнімен тыныстау, қазіргідей қарыштап дамыған уақытта халықтың қуанышы мен қайғысын бөлісу, оларды жаңа асулар мен шыңдарға тарту сіздердің қолдарыңыздан келеді. қазіргі дәуірдің жылнамашысы және төртінші билік өкілі ретінде тәуелсіз еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосып жүрсіздер», - деп атап өтті ол.

Шара аясында «Бас редакторлар клубының президенті Кенжеболат Жолдыбай және клубтың басқа да мүшелерімен студенттердің арасында ашық пікіралмасу алаңы орнап, студенттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына тұщымды жауап алды. Бас редакторлар клубымен әріптестік байланыс орнатып, шеберлік сағаттарын және өзге де әдістемелік тұрғыдағы шараларды тұрақты түрде өткізіп отыру үшін университеттің «Жас түлек» шығармашылық бірлестігі мен клуб арасында әріптестік меморандумға қол қойылды.