АҚШ имамы атышулы Трампты мешітке шақырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Айова штатындағы (АҚШ) Сидар Рапидс қаласының Ана деп аталатын (Mother Mosque) мешітінің имамдары атышулы исламофоб Дональд Трампты өздеріне қонаққа шақырып отыр.

Олар осылайша оның мұсылмандарды жақынырақ танып, жаңылыс басқанын түсіндіруге тырыспақшы, деп жазады muslim.kz.

«Дональд Трамп мырза! Бізге келіңіз, көршілеріңізді және отандастарыңызды жақынырақ тани түсіңіз», - дейді мешіт имамы Таха Тавиль. Ол қазіргі уақытта атышулы саясаткердің БАҚ беттерінде көтерген келеңсіздіктеріне тосқауыл қою үшін ең алдымен оның мұсылмандарды жақын танығаны дұрыс деп есептейді.

«Ислам мәдениеті - сүйіспеншілік пен өзара түсіністіктің, төзімділіктің мәдениеті. Біз оның ойында не барын түсінгіміз келеді. Неге оның сөздері жеккөрушілікке толы? Неге ол азаматтардың арасына от жаққысы келеді? Осы үшін де біз онымен кездесіп, сөйлескіміз келеді», - дейді ол.