Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысына АҚШ-тан инвесторлар келіп, өңірдің экономикалық әлеуетімен танысқан еді. Делегаттар ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін және азық-түлік өнімдерін шығаратын бірқатар кәсіпорында болып үлгерді. Атап айтқанда, олар «МИЛХ», «Садчиковский», «Қарасу-Ет» сынды серіктестіктердің жұмысымен танысты.
Бүгін меймандар облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің қатысуымен екіжақты әріптестік мәселелерін ортаға салды.
Шетелдік делегациямен бірге Қостанайға KUSTO GROU Директорлар Кеңесінің төрағасы Еркін Тәтішев те келді. Оның сөзінше, Қостнай облысының инвестициялық әлеуеті өте жоғары.
Сондай-ақ, 10-15 жыл өнімді ынтымақтастық аясында бәрі де өзгеруі мүмкін. Еркін Тәтішев мұны елге «Шеврон» компаниясының кіруін және Қазақстанның мұнай саласының толықтай өзгеруімен салыстыруға болатынын айтты.
Ал АҚШ делегацияның жетекшісі, TysonFreshMeatInc компаниясының басшысы Гарольд Дин Сандорски біздің өңірмен әріптестік орнату туралы жоспарларымен бөлісті.
«Бізде күніне 28 мың бас сиырдың етін өңдейтін алты зауыт жұмыс істейді. Ал апталық өнімділігі - 180 мың бас. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұл дегеніңіз елеулі көрсеткіш. Сонымен қатар, шошқа етін өндіретін жеті зауыт бар, нақтылай айтқанда, күніне 16 мың бас шошқаның еті аталмыш цехтар қолынан өтеді. Бұған қоса, тауық еті өндірісі де жақсы жолға қойылған. Аптасына 25 млн бас тауықтың еті сұраныс нүктелерін қанағаттандырады. Біздің басты мақсатымыз - заманауи талаптарға жауап бере алатын компанияға айналу. Сондықтан біз сіздердің аймақтарыңызға инвестиция салып, кәсіпті дамыта аламыз деп ойлаймын. Бір жағынан, аймақтың топырағының құнарлы екеніне көзіміз жетті. Мол өнім беруі мүмкін. Бұған қоса жас мамандарыңызды өзіміздің технологияның тіліне үйретеміз, сол арқылы екі жаққа да пайдалы нәтижелерді көретінімізге сенімдімін», - деді Гарольд Дин Сандорски.
Әріптестердің бір көздегені облыста ирригациялық жұмыстар және жүгеріні өсіруді дамыту. Өйткені, жеке комбикорм - АҚШ компаниясы жұмысының негізгі тірегі.
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов атап өткендей, барлық мемлекеттік қолдау шаралары міндетті түрде көрсетілетін болады. Инвесторларға барлық жағдай жасалмақ.