Ақ үй басшысы Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында АҚШ қарулы күштері соңғы сағаттарда тарихтағы ең батыл іздестіру-құтқару операцияларының бірін жүзеге асырғанын атап өтті.
«Соңғы бірнеше сағат ішінде АҚШ қарулы күштері біздің керемет офицерлеріміздің бірін құтқару үшін тарихтағы ең батыл операциялардың бірін өткізді», – деп жазды Дональд Трамп.
Президенттің айтуынша, операцияға ондаған әскери ұшақ тартылып, олар әлемдегі ең қуатты қару-жарақпен жабдықталған. Оның мәліметінше, ұшқыш жарақат алғанына қарамастан аман қалған.
Сонымен қатар Дональд Трамп бір күн бұрын тағы бір ұшқыштың да құтқарылғанын мәлімдеді. Алайда бұл ақпарат ресми түрде жарияланбаған, себебі екінші операцияның қауіпсіздігіне қатер төндірмеу көзделген.
«Бұл – әскери тарихта алғаш рет қарсылас аумағының тереңінде екі америкалық ұшқыштың жеке-жеке құтқарылуы», – деді ол.
Мемлекет басшысы операция барысында бірде-бір америкалықтың қаза таппағанын және жарақат алмағанын ерекше атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Иранмен соғыста АҚШ-тың 365 әскери қызметкері зардап шеккені хабарланды.