АҚШ Иранда ондаған нысанға соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс тағы да ашық соққылар кезеңіне өтті. Тараптар жаңа эскалациядан кейін мәлімдемелер алмасты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Таяу Шығыстағы меншікті тілшісі.

Фото: CENTCOM

АҚШ қарулы күштері Ирандағы ИРСК-нің әскери басқару орталықтарын қоса алғанда ондаған нысанға, зымыран және дрон нысандарына, сондай-ақ жағалаудағы қорғаныс нысандарына және теңіз инфрақұрылымына соққы жасады.

АҚШ ҚК Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, операция Гринвия бойынша сағат 00:00-де (Астана уақытымен 05:00) басталып, АҚШ-тың Иорданиядағы күштеріне зымыран шабуылы жасалуына жауап ретінде шамамен екі сағатқа созылды. 

CENTCOM мәліметінше, операцияның мақсаты «Иран мен оның одақтастарының АҚШ күштеріне, коммерциялық кеме қатынасына және көршілес Парсы шығанағы мемлекеттеріне төндіретін қауіптерін одан әрі азайту» болды. Қолбасшылық сонымен қатар АҚШ күштеріне атылған барлық зымырандардың атып түсірілгенін хабарлады.

Ирандық БАҚ Хормозган, Хузестан, Бушер және Фарс сияқты бірнеше оңтүстік провинцияда жарылыстар болғанын хабарлады. Сондай-ақ, Кешм мен Киш аралдарында, Абадан, Ахваз және Казерун аудандарына соққылар жасалды. 

Fars агенттігінің хабарлауынша, Кешм аралындағы тұрғын үйге жасалған соққыдан үш адам – ерлі-зайыптылар мен екі жасар бала қаза тапты. Зардап шеккен тағы екі бала ауруханаға жатқызылды.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш жаңа эскалация кезеңіне алаңдаушылық білдіріп, АҚШ пен Иранды соғыс қимылдарын тоқтатып, дипломатиялық күш-жігерге қайта оралуға шақырды. 

Осы арада Иордания қарулы күштері бейсенбі күні корольдікке бағытталған ирандық бес зымыранды қағып алғанын хабарлады. Иордания армиясы бір күн бұрын әуе кеңістігінде дәл осынша зымыранды атып түсірді.