АҚШ Иранға қарсы жаңа соққылар сериясын бастады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ сәрсенбі күні кешке Иранға қарсы жаңа соққылар сериясын бастап, оның Ормуз бұғазында қауіп төндіру мүмкіндігін шектеуге кірісті, деп хабарлайды Reuters .

Фото: EPA

АҚШ Орталық қолбасшылығы әскери күштер Иранның Үлкен Тунб аралындағы жағалаудағы қорғаныс жүйелеріне, сондай-ақ қанатты зымырандарды сақтау орындары мен ұшыру алаңдарына шамамен таңғы сағат 6-да (GMT бойынша сағат 10:00) шабуыл жасап, шамамен 90 минут ішінде бірқатар шабуылдарды аяқтағанын хабарлады.

Бұл туралы АҚШ Қарулы күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.

Тоғыз сағаттан кейін CENTCOM Иранға қарсы екінші соққылар толқыны басталғанын хабарлады.

– Бұл соққылар әлемдік сауда үшін стратегиялық маңызы бар халықаралық су жолы – Ормуз бұғазы арқылы еркін қатынайтын кемелерге қауіп төндіруге пайдаланылып отырған Иранның әскери әлеуетіне бағытталған. АҚШ әскері Жоғарғы бас қолбасшының тапсырмасы бойынша Иранды жауапкершілікке тартып жатыр, – делінген CENTCOM-ның X әлеуметтік желісіндегі мәлімдемесінде.

Reuters агенттігіне пікір білдірген америкалық үш шенеуніктің айтуынша, Ормуз бұғазын қайта ашуға бағытталған АҚШ-тың әскери операциясы Иранның әскери нысандарын жоюды да көздейді. Вашингтон күрделірек операцияларға кіріспес бұрын осы нысандарды залалсыздандыруды жоспарлап отыр.

Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (КСИР) АҚШ «басқыншылық әрекеттерін» тоқтатпайынша Ормуз бұғазы жабық күйінде қалатынын мәлімдеп, мұнай мен газ экспортталатын өзге де өңірлік бағыттарды жабуы мүмкін екенін ескерткен.

Айта кетейік, осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеран келіссөздерге қайта оралмаған жағдайда Иранның көпірлері мен электр станцияларына соққы жасалуы мүмкін екенін тағы да мәлімдеген еді.