АҚШ Иранға Каспий теңізі мен құрлықтағы шекара арқылы қару жеткізуге тосқауыл қоймақ

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Иранға құрлықтағы шекаралар мен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ және санкция салынған басқа да тауарлардың жеткізілуіне жол бермеу үшін арнайы жедел топ құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW .

Фото: Анадолы

АҚШ Иранға Каспий теңізі мен құрлықтағы шекара арқылы қару жеткізуге тосқауыл қоймақ

АҚШ Иранға құрлықтағы шекаралар мен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ және санкция салынған басқа да тауарлардың жеткізілуіне жол бермеу үшін арнайы жедел топ құруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды DW.

АҚШ Қарулы күштері Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) басшысы Брэд Купердің мәліметінше, жаңа бөлімше шамамен 20 әскери қызметкер мен азаматтық маманнан жасақталады. Ол Iron Gate («Темір қақпа») деп аталып, Флорида штатындағы Тампа қаласында орналасады.

Жедел топ АҚШ-тың басқа да ведомстволарымен бірлесіп, заманауи қару-жарақтың, қос мақсатта пайдаланылатын технологиялар мен санкция салынған материалдардың жеткізілуіне жол бермеу, сондай-ақ Иран шекарасы мен Каспий теңізі арқылы өтетін заңсыз қаржы ағындарын тоқтату жұмыстарын үйлестіреді.

Купердің айтуынша, бұл бастама Иран порттарына қатысты қолданыстағы теңіз блокадасын күшейтуге бағытталған.

– Жаңа жедел топ Иранның терроризмді қаржыландыру, қару-жарақ зауыттарын қалпына келтіру және армиясын қайта қаруландыру мүмкіндіктерін одан әрі шектейді, – деді CENTCOM басшысы.

Ал Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Вашингтонның бұл бастамасын сынға алып, оның сәтсіздікке ұшырайтынын мәлімдеді.

– АҚШ түрлі атаулар мен жоспарларды пайдаланып жүзеге асырмақ болған экономикалық блокаданы ешқашан орната алмайды, – деді ИРСК өкілі Хусейн Мохеби. Оның сөзін Fars агенттігі келтірді.

CENTCOM мәліметінше, Иран порттарына енгізілген қазіргі теңіз блокадасы Тегеранға 25 млрд доллардан астам мұнай экспорттауға кедергі келтірген.

АҚШ пен Иран арасындағы әскери қақтығыс аясында әлемдік мұнай мен газ саудасындағы маңызды бағыттардың бірі – Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасына да шектеулер қойылды. Энергия ресурстарын жеткізудегі іркілістер халықаралық нарықтарда бағаның өсуіне әкелді.

Бұған дейін дипломатиялық келіссөздер жүріп жатқан тұста АҚШ-тың Иранға тағы да соққы жасағаны хабарланған болатын.