АҚШ Иранға шабуыл жасау жоспарын уақытша тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамп Тегеранмен келісімге келу мүмкіндігін беру үшін Иранға жасалатын жаңа шабуылдарды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Фото: Ақ үй

Дональд Трамптың айтуынша, АҚШ Иранға «Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін болмаған әскери қуатты қолдана отырып» соққы беруге дайын болған.

Алайда америкалық көшбасшының сөзінше, Иран және Таяу Шығыстағы бірқатар ел Вашингтоннан шабуылды тоқтатуды сұраған. Себебі тараптар ықтимал келісімнің негізгі параметрлері бойынша ортақ мәмілеге келген.

— Мен бұл шешімді бүкіл әлемнің тыныштығы, сондай-ақ табысты әрі өркендеген Иранның болашағы үшін қабылдадым. Келісім қысқа мерзімде жасалса, шабуылды тоқтатуға келістім, — деп жазды Трамп.

Ол сондай-ақ Израильдің дипломатиялық жолмен реттеу бастамасын қолдайтынын айтты.

Трамптың бұл мәлімдемесі Таяу Шығыстағы шиеленіс әлі де сақталып отырған кезде жасалды. Иран төңірегіндегі жағдай әлемдік мұнай нарығына және өңірдегі теңіз тасымалы қауіпсіздігіне әсерін тигізіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Дональд Трамптың мәлімдемелерінен кейін Brent мұнайы шамамен 7% қымбаттағанын хабарлаған едік.