АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасады — Трамп операцияны сәтті деп атады

Фото: x.com / @nicksortor

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық инфрақұрылымына қарсы жүргізілген «өте сәтті» әскери операция туралы мәлімдеді, деп хабарлады Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Америкалық ӘӘК (әскери-әуе күштері) Иран ядролық бағдарламасының үш негізгі нысанына – Фордо, Натанз және Исфаханға соққы жасаған. Трамптың айтуынша, негізгі нысана ретінде тау астында терең орналасқан Фордо кешені таңдалған.

— Толық оқ-дәрі қоры негізгі нысана — Фордоға тасталды, — деп жазды Ақ үй басшысы Truth Social желісіндегі парақшасында.

«Барлық ұшақтар Иран әуе кеңістігін тастап шығып, сәтті түрде өз базаларына қайтып бара жатыр. Америкалық ұлы жауынгерлерімізді құттықтаймын. Мұндай операцияны әлемде ешбір армия орындай алмас еді. Енді бейбітшілік уақыты келді», — делінген жазабада.

Трамп Ақ үйден арнайы телеүндеу жасайтынын жариялады, ол жергілікті уақытпен сағат 22:00-де (Вашингтон уақыты) эфирге шығуы тиіс.

Truth Social-дағы жазбасында ол былай деп қосты:

— Бұл – АҚШ, Израиль және бүкіл әлем үшін тарихи сәт. Иран енді бұл соғысты тоқтатуға келісуі керек.

Reuters агенттігінің деректеріне сүйенсек, операцияға B-2 Spirit стратегиялық бомбалаушы ұшақтары қатысқан. Олар жер астындағы нығайтылған нысандарды жоюға арналған өте қуатты бомбаларды тасымалдай алады. Шабуылға дейін бірнеше сағат бұрын олардың бағыты ашық дереккөздер арқылы бақыланған – ұшақтар АҚШ-тан Гуам аралындағы базаға қарай ұшқан.

Axios басылымы жоғары лауазымды израильдік дереккөзге сілтеме жасап, Израиль АҚШ-тың соққысы туралы алдын ала хабардар болғанын жазды. Алайда Израиль ӘӘК бұл операцияға қатысқаны ресми түрде расталған жоқ. Вашингтондағы дереккөздердің айтуынша, бұл авиациялық шабуыл Израиль мен Иран арасындағы бір аптадан астам уақыт бойы жалғасып жатқан әскери қақтығыстың ауқымын едәуір кеңейтіп отыр.

Трамп өз сөзінде тағы да атап өтті:

«Фордо жойылды».

Фордо кешені Иранның ядролық бағдарламасындағы ең қорғалған нысан саналады. Оның жойылуы өңірдегі әскери әрі дипломатиялық текетіресте бетбұрыс кезеңі болуы мүмкін.

Айта кетейік, Израиль бұған дейін өз әскери науқанының басты мақсаты ретінде Иранның ядролық қару жасау мүмкіндігін толық жоюды атаған болатын. Ал Иран билігі өз ядролық бағдарламасының тек бейбіт мақсатты көздейтінін айтып келеді.

Батыс елдері тарапынан жүргізілген дипломатиялық келіссөздер әзірге нәтиже берген жоқ.

Алдағы сағаттарда Иран билігі тарапынан ресми мәлімдеме жасалып, шабуылдың саяси және әскери салдарына қатысты нақты ақпараттар жарияланады деп күтілуде.

Сондай-ақ бұған дейін Еуропа дипломаттарының Иран СІМ басшысымен өткен кездесуінен нәтиже шықпағаны хабарланған еді.

Қосымша айта кетсек, Пәкістан президенті Дональд Трампты 2026 жылғы Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынған.