АҚШ Израильге қолдау көрсетуді жалғастырады – Джо Байден

Фото: Фото: РИА Новости/Павел Бедняков

АҚШ президенті Джо Байден сәрсенбі күні Тель-Авивте Израиль премьер-министр Биньямин Нетаньяху және елдің әскери кабинетінің мүшелерімен өткен кеңейтілген екіжақты кездесуде АҚШ Израильге қолдау көрсететінін айтып, сөз берді. Kazinform агенттігі бұл туралы CNN телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуде Байден АҚШ Израильге «өз халқын қорғау» кезінде қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты.

«Біз жазықсыз бейбіт тұрғындар жапа шегетін қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін сізбен және аймақтағы серіктестермен жұмыс істеуді жалғастырамыз», - деді Байден.

Ол 7 қазандағы ХАМАС шабуылын «қатыгез және адамгершілікке жатпайтын іс» деп атады.

Өз кезегінде Нетаньяху ХАМАС-ты «адамзатқа қарсы сұмдық қос соғыс қылмысын» жасағаны үшін сынады.

«Израиль бейбіт тұрғындардың шығынын азайтуға, ал ХАМАС оларды барынша арттыруға тырысуда», - деп атап өтті Нетаньяху ХАМАС-тың бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланып жатқанын тілге тиек ете отырып.

Израиль премьер-министрі түнде Газа секторындағы ауруханада болған жарылысқа да тоқталды. Оның айтуынша, лаңкестер атқылаған зымыран дұрыс атпай, Палестина ауруханасына құлаған.

«Бүкіл әлем әділетті түрде ашуға булықты – бірақ бұл ашу Израильге емес, лаңкестерге бағытталған болуы керек. Бұл соғыс кезінде Израиль бейбіт тұрғындарды қауіптен сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды», - деді ол.

Газа билігі жарылысқа Израиль жауапты екенін мәлімдеді, ал Израиль қорғаныс күштері барлау мәліметтері жарылысқа палестиналық «Исламдық жиһад» тобының жауапты екенін көрсетті деп жауап берді.
Осыған дейін АҚШ президенті Джо Байденнің Израильге барғаны туралы хабарлаған едік.