- Салтанат Еркінқызы, әуе қатынасы пандемиядан ең көп зардап шеккен саланың бірі екені белгілі. Қазіргі жағдайы қандай ?
- Әуе тасымалдарының ішкі нарығын 100 пайызға қалпына келтірдік деуге болады. Тіпті ішкі тасымалдарда жолаушылар ағынының айтарлықтай өсуі байқалады. Айталық, 2019 жылы пандемияға дейін аптасына 46 бағыт пен 540 рейс болған еді. Қазір аптасына 57 бағыт пен 720-дан астам рейс жүзеге асырылуда. Егер бұрын әуе компанияларының жолаушылар ағыны орта есеппен 7-10% өссе, 6-8 айдың ішінде ішкі рейстердің өсуі іс жүзінде 30% болды. Бұған үш фактор әсер етті деп санаймыз: халықаралық рейстерді шектеу, Flyarystan лоукостерінің іске қосылуы, Түркістандағы жаңа әуежайдың жұмысын бастауы.
Бүгінгі таңда FlyArystan 5 млн билет сатты. Түркістан әуежайында үш халықаралық рейс, 12 ішкі бағыт жолға қойылып, 136 мыңға жуық жолаушы тасымалданды.
Халықаралық әуе тасымалдары нарығына келсек, біз саланы шамамен 49% қалпына келтірдік. Бұрын халықаралық бағыттар бойынша 100 бағыт болса, қазір 50-ге жуық бағыт бар. Бұрын аптасына 450 рейс болса, қазір 230-ға жуық рейс бар. Бірте-бірте біз халықаралық нарықты да қалпына келтіріп жатырмыз. Бір күн бұрын коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті және көптеген халықаралық рейстерге қолдау көрсетілетін болды. Жоспарлағанымыздай болса, тағы 106 рейс жанданады.
Мысалы, Ресей Федерациясымен біз аптасына 10 рейс жасап отырмыз. Ал пандемияға дейін рейстер саны аптасына 180 болатын. Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігі мен ведомствоаралық комиссияның мақұлдауының арқасында Ресеймен арадағы әуе рейстерін 46-ға арттырамыз. Бұған дейін Нұр-Сұлтаннан Мәскеуге үш рет және Алматыдан Мәскеуге екі рейс жасалып келген. Жақында Мәскеуге Шымкент, Ақтау, Қарағандыдан әуе рейстері ашылады. Ал Нұр-Сұлтан мен Алматыдан күнделікті рейстер болады. Сонымен қатар, Санкт-Петербург, Новосібір, Омбы, Грозный және басқа қалаларға рейстер ашылады. Бұл тарифтерге де әсер етеді деп ойлаймын.
- Жақын арада қандай жаңа, бәлкім халықаралық бағыттар ашу жоспарда бар ?
-15 қазаннан бастап алғаш рет Алматы-Доха әуе рейсінің ашылуы жоспарланған. Ведомствоаралық комиссияда Италияға халықаралық тікелей рейстер ашу мәселесі қолдау тапты. Чехияға рейс қайта басталды. Сондай-ақ Кувейтке, Сауд Арабиясына, Шри-Ланкаға жаңа рейстерді іске қосу жоспарланған. Түркияға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Германияға, Мажарстанға, Польшаға ұшатын рейстердің санын арттырамыз. Әзербайжанға рейстерді жаңғыртамыз.
9 қазаннан бастап Мальдив аралдарына күнделікті рейстер қайта басталады. Күзгі-қысқы навигациядан бастап нарық кезең-кезеңмен қалпына келуі керек деп ойлаймыз. Бұл бағытта ауқымды жоспар бар. Пандемияға байланысты халықаралық нарық 50% қалпына келтірілгенін атап өтуге болады.
- Авиарейстерде орын тапшылығы сезіліп жатыр ма? Керісінше адам толмай жатқан рейстер бар ма ?
- Ішкі рейстер бойынша орын тапшылығы жоқ деп ойлаймын. Ішкі рейстегі тариф түрлерінің саны жолаушылар үшін артып, көптеген рейстер пайда болды. Бізде нарық ырықтандырылған және кез келген қазақстандық әуе компаниясы рұқсаты бар рейстерді орындай алады. Әуе компаниясы қанша рет және қандай пунктерге ұшу керектігін өзі шешеді.
Халықаралық рейстерге келетін болсақ, иә, орын тапшылығы бар. Әсіресе танымал маршрут болса, орын тапшылығы байқалады. Өйткені рейстердің ұшу жиілігі аптасына 1-2 рет. Тиісінше, әуе компаниялары тарифтердің барлық кестесін пайдалана алмайды. Ал рейстер саны ұлғаятын болса, онда тарифтер кестесі ұлғайып, билеттер арзандай бастайды.
- Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейсті ашу мәселесі пандемиядан кейін де өзекті ме? Біз бұл мәселе жоғары деңгейде қарастырылғанын білеміз. Қазір не істеліп жатыр ?
- Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын орнату мәселесі сөзсіз өзекті. Елбасының тапсырмасы бойынша АҚШ-пен тікелей рейс ашу мәселесі пысықтала бастады. 2019 жылы біз АҚШ авиация билігімен келіссөздер жүргіздік. 2019 жылдың желтоқсан айының соңында біз Қазақстан мен АҚШ арасында ашық аспан қағидаты бойынша әуе қатынасын орнату туралы келісімге қол қойдық
Біз дайындаған әуе қатынасы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр. 14 қыркүйекте заң жобасын қарау жөніндегі отырыстың бірінші жұмыс тобы өтті. Жоба мақұлданды. Қазан айының басында Мәжілістің басқа комитетінде кезекті жұмыс тобында қаралады. Жыл соңына қарай бұл келісімді ратификациялаймыз деп үміттенеміз.
Сонымен қатар, АҚШ-қа тікелей рейстер ашудың өз шарттары бар. Біз федералды әуе көлігі басқармасында тексеруден өтуіміз керек. Аудиттен рейстер орындалуға тиісті әуежай да, Қазақстан авиация әкімшілігінің өзі де өтеді. Сертификаттаудан әуе компаниясының өзі өтуі тиіс. Сол аудитке дайындық бойынша Қазақстанның авиация әкімшілігіне бағынышты ұйым құрылды. Әуе компаниясынан өтінім Қазақстанның авиация әкімшілігіне жолданғаннан кейін, тиісінше, аудитке дайындық басталады.
Бүгінде Америка тарапымен келіссөздер басталды және консультациялық көмек жүргізілуде. Қазан айында кездесу жоспарланған, онда аудиттен өту мәселесі қаралады. Болашақта біз Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей рейстер ашамыз деп үміттенемін.
Бұл үшін алыс магистралды әуе кемесін сатып алу қажет. Бұған дейін аталған кемелерді 2023 жылы сатып алу жоспарланған болатын. Бірақ қазір пандемияға байланысты алыс магистралды әуе кемелерін сатып алу мерзімі тек қазақстандық тасымалдаушылар үшін ғана емес, бүкіл әлем бойынша 2025 жылға ауыстырылды. Ол мерзім қайта кері жылжытылуы да мүмкін. Жалпы жұмыс жалғасып жатыр.
- Қазақстандықтар ұшып жүрген әуе көліктерінің жағдайы қандай? Халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін жаңа әуе кемелерін сатып алу жоспарда бар ма ?
- Әуе кемелерінің тізілімінде 915 ұшақ тіркелген. Оның 73-і тұрақты жолаушы тасымалына тартылған. Әуе компаниялары бойынша айтсақ, Air Astana-да 24 ұшақ, FlyArystan-да 10, SCAT-та 22, Qazaq Air-де 5, «Жетісуда» 2, «Оңтүстік аспанда» 5, Zhezkazgan air-де 5 ұшақ бар.
Air Astana сапындағы ұшақтардың орташа «жасы» 4 жылдан асады, FlyArystan-да 6, SCAT-та 13, Qazaq Air-де 3,5 «жас».
Осылардың үстіне 40-тан астам заманауи ұшақ сатып алу жоспарланған. Оның ішінде: Air Astana – 20 ұшақ, SCAT – 16 ұшақ, Qazaq Air – 5 ұшақ сатып алуы тиіс. Бұл мәселе бойынша, әрине, Қазақстанда да, басқа шет мемлекеттерде де эпидемиологиялық ахуал ескеріледі. Өйткені алыс магистралды әуе кемелерін сатып алу неғұрлым кешірек мерзімдерге ауыстырылуы мүмкін.
- Екі жыл бұрын Президент өз Жолдауында баға белгілеу, тасымалдау саласындағы тарифтер мәселелерін қозғаған болатын. Пандемия кезінде кейбір бағыттарға билеттердің құны қатты өсті. Әсіресе Мәскеуге ұшу бағасы қымбаттағаны туралы шағымдар көп сияқты…
- Қырғызстан мен Өзбекстаннан Түркия мен Ресейге қатынау біздегіден әлдеқайда арзан екенін көп жазады. Мысалы, Қырғызстан мен Ресей арасында аптасына 90-нан астам рейс жасалады. Ал Қазақстаннан Ресейге аптасына 10 рейс қатынайды. Егер әуе компаниялары билеттерді ең тартымды тарифтермен сатса, екі-үш айдан кейін сіз бұл рейсті кестеден көрмейсіз. Өйткені бір жылдағы билеттер түгел алдын ала сатылып кетеді. Танымал бағыттарға маусымдық және демалыс күндерінде орын тапшылығы болса, баға өседі. Ал билетті алдын-ала сатып алсаңыз, қолайлы және тартымды бағаны таба аласыз. Ал егер ұшудан 2-3 күн немесе 3 сағат бұрын сатып алсаңыз, ең қымбат тарифке тап келетініңіз түсінікті.
Иә, Мәскеуге тарифтер өте жоғары деген сын болды. Бұл орындардың жетіспеушілігімен байланысты. Бұған дейін әр тарап аптасына бес рейс жасай алатын. Ведомствоаралық комиссия Нұр-Сұлтан мен Мәскеу арасындағы рейстерді аптасына емес, тәулігіне үш рейс ету туралы ұсынысты қолдады. Менің ойымша, бұл тариф кестесіне елеулі әсер етеді.
- Сұхбатыңызға рахмет!