АҚШ-қа тікелей рейс жақындады: Қазақстан авиаторлары Нью-Йоркте оқуда жүр

АСТАНА. KAZINFORM — Отандық авиация мамандары Нью-Йорктің ең ірі әуежайында халықаралық жүк тасымалының қауіпсіздік ережелерін меңгеріп қайтты. Қазақстанның Көлік министрлігі мен АҚШ-тың Астанадағы елшілігі бірлесіп, Астана және Алматы әуежайларының қызметкерлері мен авиация саласының өкілдері үшін Джон Кеннеди атындағы әуежайда арнайы (IACIT) тренингін ұйымдастырды.

Фото: ҚР Көлік министрлігі

Іс-шара АҚШ Кеден және шекара қызметінің терроризмге қарсы тобының қолдауымен өтті. 

Оқу барысында мамандар жүк тасымалының тәуекелдерін талдау, әуе кемелері мен жүктерді тексеруді ұйымдастыру, бақылаудың техникалық құралдарын қолдану, кинологиялық бөлімшелердіңжұмысы және ведомствоаралық өзара іс-қимыл тетіктерінің заманауи тәсілдерімен танысты.  

Авиациялық қауіпсіздік пен Кедендік бақылау рәсімдерін интеграциялау, сонымен қатар халықаралық жүк тасымалдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдану саласында да егжей-тегжейлі тәжірибе алмасу өтті. 

Бағдарламаға қатысу Қазақстан мен АҚШ арасында тікелей әуе қатынасын ашуға дайындық, сондай-ақ авиациялық қауіпсіздік саласындағы америкалық серіктестермен ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды. 

Алынған тәжірибе авиациялық қауіпсіздік шараларын одан әрі жетілдіру және отандық авиациялық ұйымдардың қызметіне озық халықаралық тәжірибелерді енгізу үшін пайдаланылатын болады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда Авиациялық ғылыми-зерттеу институты құрылатынын жазғанбыз.