АҚШ: Калифорнияда жолаушылар пойызы көлікпен соқтығысып, үш адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Калифорния штатында пикап жүргізушісі жоғары жылдамдықпен келе жатқан пойыздың алдынан темір жол арқылы өтпек болуы салдарынан үш адам қаза тапты, деп жазады Би-би-си.

Оқиға жұма күні кешке Фресно қаласының маңында орын алды.

БАҚ хабарлағандай, жүргізуші жүк пойызын айналып өтпек болып, жанындағы жолдағы жолаушылар пойызын байқамай қалған. Пойыз шамамен сағатына 130 км жылдамдықпен келе жатқан.

Пикап соқтығысу салдарынан екіге бөлінді, ал оның қозғалтқышы оқиға орнынан 37 метр жерге ұшып кеткен, деп хабарлады жергілікті патруль қызметі.

Пикаптың үш жолаушысы да қаза тапты, ал Amtrak пойызында болған 235 жолаушының бірі де жапа шекпеді. Пойыз жолсерігі жеңіл жарақат алды.