АҚШ Қатар мен Бахрейндегі әскери базаларынан қызметкерлерін эвакуациялады
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Қатар мен Бахрейндегі әскери базаларынан жүздеген әскери қызметкерін эвакуациялады. Бұл шешім Иранға ықтимал соққы жасау қаупіне байланысты қабылданған, деп хабарлайды Синьхуа.
The New York Times басылымының Пентагон өкілдеріне сілтеме жасап жазуынша, эвакуация Қатардағы «Әл-Удейд» әуе базасында және Бахрейндегі АҚШ-тың бірнеше әскери нысанында жүргізілген.
Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты орналасқан.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды ядролық келісімге келуге мәжбүрлеу мақсатында шектеулі әскери соққы жасау мүмкіндігін қарастырып отырғанын мәлімдеген.
Өз кезегінде Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеран мен Вашингтон арасындағы ықтимал ядролық келісім жобасы алдағы екі-үш күн ішінде дайын болатынын айтты. Оның сөзінше, бұдан кейін тараптарға келіссөздердің тағы бір кезеңін өткізу қажет болуы мүмкін.
Дональд Трамп бұған дейін Иран 10-15 күн ішінде ядролық бағдарлама бойынша «маңызды» келісім жасамаса, «өте ауыр салдарға» тап болатынын ескерткен.
Сонымен қатар Иранның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдігі Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысы Антониу Гутерришке және Қауіпсіздік кеңесінің төрағасына хат жолдап, АҚШ тарапынан әскери агрессия жасалған жағдайда «батыл әрі барабар жауап» беруге дайын екенін мәлімдеген.