Бұл туралы Астанада өтіп жатқан Қазақстан–АҚШ іскерлік дөңгелек үстелінде «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Қарымсақов мәлім етті.
Оның айтуынша, АҚШ Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі инвесторлардың бірі саналады. Осы уақытқа дейін америкалық компаниялар ел экономикасына 60 млрд доллардан астам тікелей инвестиция құйған.
- Биыл Қазақстан мен АҚШ арасында дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 35 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Америка Құрама Штаттары Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салған елдердің біріне айналды. Бүгінде америкалық инвестициялардың жалпы көлемі 60 млрд доллардан асты. Өткен жылдың қараша айында Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары кезінде құны 25 млрд доллардан асатын инвестициялық келісімдерге қол қойылды. Бұл келісімдер өнеркәсіп, энергетика, IT, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық салаларды қамтиды, – деді Мұрат Қарымсақов.
Оның сөзінше, Қазақстан жаңа энергетика бағыттарын дамытуға басымдық беріп отыр. Осыған байланысты америкалық компаниялармен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру және көлік-логистика саласындағы бірлескен бастамаларды іске асыру жоспарланған.
Сондай-ақ ірі логистикалық орталықтар мен хабтар салу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл жобалар өзара сауда көлемін ұлғайтып, инвестициялық ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Астанада өтіп жатқан Қазақстан–АҚШ іскерлік дөңгелек үстеліне Chevron, Shell, Apple, Mastercard, Citi және басқа да халықаралық компаниялардың өкілдері қатысып жатыр.
Форум аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен АҚШ Сауда палатасы арасында стратегиялық әріптестік туралы меморандумға қол қойылады.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан мен АҚШ су тасқынының алдын алу жөніндегі бағдарламаны қабылдаған еді.