АҚШ Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде COVID-19 вакцинасын бермек

АСТАНА. ҚазАқпарат – АҚШ тарапы Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде «Pfizer» вакциналарын беруі мүмкін. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған Қазақстан Үкіметі мен АҚШ-тың Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министірлігі арасындағы гуманитарлық көмек көрсету туралы келісім құжатында жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Келісім аясында АҚШ-та 5-11 жас аралығындағы балаларға шұғыл қолдану үшін мақұлданған, бірақ бүгінге дейін АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) бекітпеген және лицензияламаған «Pfizer-BioNTech» өндірген COVID-19 вакцинасын беру қарастырылады», - делінген келісім құжатында.

Бұл орайда, тараптар келісімі негізінде вакцинамен жұмыс істеудегі жауапкершілік Қазақстанға жүктеледі. Сонымен қатар, ел Үкіметі екпелерді елге уақытылы жеткізу бағытындағы қажетті шараларды қабылдайды.

«Бұл ретте Қазақстанға импортталатын аталған материалдар салықтар мен өзге де төлемдерден босатылады», - деп көрсетілген құжатта.

Бұл келісімге Қазақстан Үкіметінің атынан Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа қол қоюға уәкілеттік берілген.

Құжатты ашық талқылау 21 қарашаға дейін жалғасады.