АҚШ Қазақстанға қатысты «Джексон-Вэник» түзетулерін жою туралы заң жобасын қарайды

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Конгресмендер «Джексон-Вэник» түзетулерін жоюға және «Тұрақты дұрыс сауда қатынасын» орнатуға бағытталған Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауданы жетілдіру туралы заң жобасын қарауға енгізді, деп хабарлайды Кazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

«H.R.1024» заң жобасын Өкілдер палатасының конгрессмендері Джимми Панетта (Калифорниядан сайланған демократ), Роберт Адерхольт (Аламабадан сайланған республикашыл), Дина Тайтус (Невададан сайланған демократ), Дэрин Лахуд (Иллионойстен сайланған республикашыл), Эми Бер (Колифорниядан сайланға демократ), Том Суоззи (Нью-Цорктен сайланған демократ) бірлесіп ұсынды.

Джимми Панеттаның ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде заң жобасы «Джексон-Вэник» ескірген түзетулерін жоюға бағытталғаны атап өтілген. Бұл түзетулер 1974 жылы АҚШ-тың сауда туралы заңына еврейлердің көші-қонына рұқсат бергізу мақсатында Кеңес одағына қарсы енгізілген болатын. 

— Қазақстанға «Тұрақты дұрыс сауда қатынасы» — PNTR мәртебесін (PNTR — Құрама Штаттардың шет мемлекеттермен еркін сауда-саттығын білдіретін заңды белгі) бере отырып, АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауданы жетілдіру туралы заң барынша тығыз экономикалық ынтымақтастыққа септігін тигізеді, инвестициялық мүмкіндікті кеңейтеді және өршіп келе жатқан жаһандық бәсекелестік кезеңінде Қазақстанның тұрақтылық мен тәуелсіздігін қолдайды. Осынау маңызды сауда серіктестікті ХХІ ғасырға көшіретін уақыт баяғыда жетті, - деп мәлімдеді Джимми Панетта.

Конгрессмендер Қазақстанның ондаған жылдар бойы АҚШ-тың еркін көші-қон туралы заның толықтай сақтап келгенін атап өтті. Алайда, түзетулер елге Құрама Штаттармен дұрыс сауда қатынасын жүргізуіне кедергісін келтіріп отыр.

— АҚШ пен Қазақстан арасында сауданы жетілдіру туралы заң — бұл маңызды заңнамалық акт. Құжат қырғи-қабақ соғыс уақытынан бергі сауда ережесіне соңғы нүкте қойып, бізге барынша ауқымды өңірлік даму мен өркендеуге қолдау білдіруге жол ашады, - деді Дэрин Лахуд.

Мәлімдемеде Қазақстан сирек кездесетін металлдар мен уран өндірісін қоса алғанда өңірлік жетекші сауда, инвестиция және энергетика орталығы бола отырып, АҚШ-тың Орталық Азиядағы маңызды серіктестігі екені атап өтілген. Қазақстанның АҚШ-пен тауар айналымы өткен жылы 3,3 млрд долларға жетті. Бірақ соған қарамастан әлі де болса сауда шектеулеріне тап болып отыр.

— Қазақстан үшін «Джексон-Вэник» ескірген түзетулерін жою екі елдің арасындағы сауда және инвестиция мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осынау қоспартиялық заңнама америкалық бизнес пен жұмысшыларға ғана пайда әкеліп қоймай, сонымен бірге біздің Орталық Азия өңіріндегі басты серіктесіміз әрі жас демократиямен дипломатиялық өзара іс-қимылымызды тереңдете түседі, - деп атап өтті Эми Бера.

«Джексон-Вэник» түзетулерін жою туралы заң жобасына қатысты батыстық сарапшылар да пікірлерін білдірді. Мәселен, «Henry Jackson Society» ғылыми қызметкері Даррен Спинк мұны үміт отын тұтандыратын жаңалық ретінде бағалады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұл түзетулер «ақылға сыймайтын ескінің сарқыншағы» деген пікірін ортаға салды. 

— Қазақстан плюралистік қоғам саналады және оның азаматтары еркін көшіп-қону немесе өз дінінде құлшылық ету мүмкіндігінен шектелмеген. Қазақстанға «Тұрақты дұрыс сауда қатынасы» мәртебесін беру Американың ұлттық мүддесіне сай келеді және екі елдің арасындағы коммерциялық байланыстарды нығайта түседі. Өйткені АҚШ табиғи ресурстар секторындағы жеткізілім тізбегін әртараптандырып, серіктестік қарым-қатынастарды нығайтуға ұмтылады. Америка-Қазақстан арасындағы екіжақты байланыстарды нығайту өңірге инвестиция тартуға, сонымен қатар Орта дәлізді одан ары дамытуға септігін тигізеді, - деді Даррен Спинк.

Фото: Kazinform

Халықаралық салық және инвестиция орталығының Энергетика, экономикалық өсім және қауіпсіздік бағдарламасы директорының орынбасары Уэсли Александер Хилл аталған заң жобасын енгізудің барынша маңызды, пайдалы және дер кезінде қабылданған шешім ретінде символдық мәні бар екеніне назар аудартты.

— Бұл Қазақстан-Америка қатынастарын дамыту үшін жақсы келешекке айғақ бола алады. Ол өңірдегі америкалық инвесторлар үшін үлкен рөл атқарады және мамандар мұндай мүмкіндікті алға қарай ілгерілете түсу қажеттігін айтып отыр. Орта дәлізді дамыту да оның логикалық нәтижесі бола алады. Мен бұл заң жобасының қабылдану мерзіміне бұған дейінгілердің қай-қайсысына да оптимистікпен қараймын, - деді Уэсли Александер Хилл.

Фото: Kazinform

Өткен жылдың қараша айында Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Капитолий төрінде елімізге қатысты «Джексон-Вэник» түзетулерін жою мүмкіншіліктерін талқылауға арналған іс-шара ұйымдастырған болатын. Аталған басқосуда Қазақстанның АҚШ-тағы Елшісі Ержан Ашықбаев елге қатысты түзетулерді жоюдың маңыздылығын атап өтті. Ол Қазақстанның айтарлықтай түрлену жолдан өткенін, Орталық Азияда шетелдік инвестициялар тарту бойынша көшбасшыға айналғанын және өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

— Кейінгі 30 жылда Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі екінші ең ірі экономикаға айналып, Орталық Азияның жалпы ішкі өнімінің үштен екісін құрайды. «Джексон-Вэник» түзетулерін жою және Қазақстанмен тұрақты қалыпты сауда қатынастарын орнату — Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстарды нығайтып, америкалық инвесторларға тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз ететін стратегиялық қадам, - деп атап өтті Елші.

Ал, Өкілдер палатасының мүшесі Том Суоззи Қазақстанның діни еркіндікті және заң үстемдігін дамытудағы күш-жігерін жоғары бағалады. Ол АҚШ-тың Қазақстанның алдында тұрған геосаяси қиындықтарды түсінетінін және өңірдегі экономикалық қауіпсіздікті нығайтудың өзара өркендеуге қосатын маңыздылығын жеткізген еді.

АҚШ Сенатындағы S.2748 заң жобасының авторы, сенатор Крис Мерфи Орталық Азияның АҚШ-тың сыртқы саясатындағы стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, түзетудің күшін жою Вашингтонның өңірдегі ниеттерінің маңызды белгісі болатынына назар аудартты. Бұл түзетулердің бұрынғы санкциялар тиімділігіне қарамастан, бүгінде халықаралық нормаларды толығымен сақтайтын Қазақстан үшін өзектілігін жоғалтқанын баса айтты. 

Ал 2025 жылдың 15 қаңтарында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Сенатта өткен тыңдау барысында барлық талапты орындаған Қазақстанға қатысты ескірген түзетулерді жою бойынша Конгреспен ынтымақтасуға келісімін берді.