Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінен хабарлады.
АҚШ Сауда палатасы америка-қазақстандық екіжақты Сауда келісімі бойынша зияткерлік меншік құқықтарын қорғау міндеттерін орындау бойынша Қазақстанның мемлекеттік органдарымен атқарылған қомақты жұмысын мақұлдады. Әсіресе, америка тарапы заңнаманы Қазақстанның ДСҰ Зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге сәйкестендіру және зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз етуге оң бағасын берді.
АҚШ Конгресі 1988 жылы қабылдаған Сауда және бәсекелестік туралы жалпы заңына сәйкес, АҚШ 1303 бөлімнің 301 арнайы бөлімі шеңберінде Америка азаматтарының зияткерлік меншік құқықтарын бұзатын мемлекеттерді анықтау көзделген.
Жыл сайын АҚШ сауда жөніндегі комиссиясы зияткерлік меншік құқықтарын барабар (тиісті) қорғауды қамтамасыз етпейтін мемлекеттер тізбесін әзірлейді. Бұл тізбе үш тізімнен тұрады:
- Бірінші тізім - ең өрескел бұзушылықтарға жол беретін шетел мемлекеттері;
- Екінші тізім - басым бақылауды талап ететін мемлекеттер;
- Үшінші тізім - бақылауды талап ететін мемлекеттер.
Бірінші тізімге енген мемлекеттерге қатысты АҚШ қатаң санкциялар қабылдай алады, мысалы, импорттық бажды көтеру, импорттық квоталарды азайту, Сауда туралы келісімге сәйкес берілген мемлекеттің арнайы жеңілдіктерін тоқтату немесе күшін жою секілді. Американдық тарап, сондай-ақ, бірқатар өнімдердің экспортына айыппұл баж секілді экономикалық санкциялар қолдана алады, мысалы, болатқа немесе мұнайға, бұл мемлекеттің экономикасы үшін миллиондаған шығын.
Аталған тізімге енген мемлекет зияткерлік меншік құқықтарын қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаса, сондай-ақ, өз рыногына АҚШ әділетті кіруіне мүмкіндік беретінін дәлелдеген жағдайда, ол 301-Тізімнен кез-келген уақытта шығарылады.
Өкінішке орай, 2000 жылғы 11 мамырда бұрынғы КСРО-ның 12 республикасы соның ішінде, Қазақстан 1998-1999 жылдардағы авторлық құқықты қорғау жайына жасалған шолу нәтижесінде осы тізімнің әртүрлі топтарына енгізілген болатын.
Авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында авторлық туындыларға бұрын көзделмеген қорғау беріліп, зияткерлік меншік құқықтарын бұзғаны үшін қатаң санкцияларды көздеген заң қабылданды.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша іс-шаралар шеңберінде тұрақты негізде құқықтық түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылды. Контрафактілік өнімдерді сату деңгейін төмендету үшін зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы сақтау нысанына құқық қорғау органдарымен бірлескен тексеру іс-шаралары жүргізілді.
Атқарылған жұмыстардың арқасында 2006 жылғы 28 сәуірде Қазақстан Республикасы 301-Тізімнен шығарылды. Аталған тізімнен шығу Қазақстан Республикасының жасанды бұйым мен қарақшылықпен күрес мәселелерімен айналысатын мемлекеттік органдарға жаңа серпін берді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясында Үкіметке қорғаныштық сауда маркасы және зияткерлік меншік құқығы бар тауарлар өндіру үшін қолайлы жағдайлар туғызу бойынша міндет қойды.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы жоғарыда аталған «Special 301 Report» тізімдерінің ешқайсысына енгізілмеген.
АҚШ-тың жағымды бағасы зияткерлік меншік құқықтарын барабар қорғау бойынша республиканың мемлекеттік органдары атқарып жатқан жұмыстың оң нәтижелерін айғақтайды. Бұл зияткерлік меншіктің жаңа объектілерін жасауға және республиканың басқа мемлекеттермен экономикалық, сауда қатынастарының одан әрі дамуына септігін тигізеді.