АҚШ-Қытай: тариф қақтығысы Қазақстанға қалай әсер етеді?
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп өзіндік келіссөз жүргізу мәнерімен ғана емес, сондай-ақ жаһандық экономиканы тығырыққа тіреген қадаммен де тарихқа енетіні сөзсіз. Осы орайда Kazinform тілшісі тариф саясатының себеп-салдары мен қаржы нарығына әсерін талдады.
Әлемдік экономикадағы аласапыран
Қазір барлық ел әбігерге түсіп, кейінгі шешімнің қалай құбыларын аңдай алмай отыр. Шын мәнінде, бар мәселе де сол соңын біліп болмайтын іс райында жатыр емес пе. Себебі экономикадағы кез келген шешім, мемлекеттік экономикалық саясат не жеке инвесторлардың әрекеті болсын, ұзақмерзімді перспективаға құрылады. Үрдістер, сұраныс, ақша құны есепке алынуы шарт. Ал кейінгі тариф бағамында бұл ереже жоқ – ақыры мен мерзімі де белгісіз.
Осы тұрғыдан алсақ, Трамптың оқыс әрекеті жаһандық экономика ұстанымдарын мансұқтап, хаос әкелуде. Бұл кедендік баж салығын енгізу туралы қабылдаған шешімге де, келіссөзге дейін 90 кұнге тежеу ұйғарымына да қатысты. Неге десеңіз, мұндай экономикалық жағдайда инвестиция туралы әңгіме қозғау мүмкін емес. Трамп орасан зор салық енгізсе де жағдайдың өзгеруі қиын. Тіпті ойынан айнығанның өзінде өндіріске салынған инвестициялардан мән кетеді.
Сондықтан 2 сәуірдегі Трамптың әлем елдеріне салған салығынан соң ғаламдық экономика шайқалып, кез келген әлеуетті инвестор маңызды сабақ алды: асығыс шешімге жол жоқ. Алдымен АҚШ президентінің қай жерге дейін баратынын және нәтижесінде экономикалық қатынастарда нендей өзгеріс болатынын түсіну керек. Әріге кетсек, Трамптың салығы мен сауда соғысын ғана емес, келешек бағдарды бағамдай білу керек секілді.
Жалпы Трамптың 2 сәуірде бастаған сауда соғысы – президент үшін үйреншікті тактика. Қысым арқылы қалағанын алу бұрыннан сезілетін. Мысалы, әдепкіде ол әлемнің барлық дерлік мемлекеті үшін кедендік баж салығын көтерді. Әсіресе, ҚХР-ға арналған тариф ауқымды болатын. Кейін Қытай қарымта жауап ретінде АҚШ-қа баж салығын өсірген соң көрсеткіш 104 пайызға көтерілді, 9 сәуірде 125 пайызға тұрақтаған. 10 сәуірде Ақ үй 125 пайызға наурыздағы 20 пайызды қосып, Қытай тауарына арналған кедендік баж салығын 145 пайызға бір-ақ шығарды. Осылайша, бір-біріне болашағы бұлыңғыр баж салығын салумен әлек, ал қалған елдер назар қос мемлекетке ойысқан шақта 10 пайыздық тарифті місе тұтып, демін ішіне тартып отыр.
Тариф құнын тұтынушы төлейді
Екі мемлекет арасындағы сауда соғысы қай тарап үшін де тиімсіз. Егер бұлай жалғасса, не экспорттық-импорттық операциялар мүлдем тоқтатылуы қажет, не баға екі есеге жуық өсуі шарт. Себебі экономика қағидасы бойынша, кедендік баж салығын көтергені үшін тұтынушы артық шығындалатын заңдылық барын ұмытпаған жөн. Демек, баж салығының салқынын сезген АҚШ пен Қытай компаниялары тығырыққа тіреледі деген сөз.
Іс ауқымын екі мемлекет арасындағы тауар айналымынан аңғаруға болады. АҚШ-Қытай арасындағы алыс-беріс 585 млрд долларды құрайды: 440 млрд доллар – Қытайдың АҚШ-қа тасымалы, 145 млрд доллар – АҚШ-тың Қытайға жеткізген тауар көлемі. Байқасақ, бұл жерде Бейжіңнің есесі кететін тұсы басым, олардың сауда балансындағы профициті 295 млрд долларға тең. Қытайдың экспортқа бағдарланған экономикасы үшін АҚШ – ауқымды нарық, маңызы жоғары мемлекет.
Оның үстіне қытайлық тауарлар америкалық нарыққа кіруі үшін бірнеше талапқа сай болуы шарт. Соның ішінде зияткерлік меншік құқығын ерекше атауға болады. Қазір Қытай АҚШ-тан жаңа технологияларға қатысты зияткерлік құқықты алып отыр. 2018 жылы Трамп алғаш президент болған кезде жүргізілген АҚШ-Қытай арасындағы сауда келісімінде зияткерлік меншік құқығы мәселесінің қозғалуы да осының айғағы еді. Сондықтан Бейжің АҚШ-қа экспорт арқылы басқа нарықтан ала алмайтын технологиялық даму мүмкіндігіне де қол жеткізіп отыр дей аламыз. АҚШ үшін де солай, мұнда Қытайдан қажетті тауарлардан бөлек, жоғары технологиялық өнімдер әкелінеді, ішінде Apple компаниясының ұялы байланыс құрылғылары да бар.
Қытай үшін экспортқа бағытталған кәсіпорындардың көбейгені керек. Осы арқылы жұмыссыздық мәселесін шешуді көздейді. Сондықтан алғашқы реформа кезінде арзан жұмыс күшін құру саясаттың бір бөлігіне айналған. Қазір жағдай сәл басқаша. Қытайдағы жұмыс күшінің ақысы өсті, бұл тауардың өзіндік құнын арттыруда. Кәсіпкерлер табысын мемлекет жәрдемімен (несие, жеңілдіктер) немесе экспорт үшін құрылған инфрақұрылымның арқасында ғана сақтап отыр.
Қарсыластар сауданы тоқтатуға дайын ба?
Мойындау керек, бүгінде Қытай секілді тапсырысты қысқа мерзімде әрі қолайлы бағамен орындауға қауқарлы ел аз. Мұны пандемия кезінде анық көрдік. Оның үстіне өзге мемлекеттің АҚШ-тағы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жоғары талабына Бейжіңдей жауап бере алуы екіталай. АҚШ-қа да ә дегеннен Қытай импортын алмастыра қоятындай серіктес табу қиын, ал өз жерінде Қытай ұсынып отырған бағамен өнім шығару мүмкін емес. Жеңіл киім, ыдыс-аяқ секілді тауарларды Вьетнам мен Бангладеште шығарудың «жарасы жеңіл», алайда өзге тауарлар үшін өндірістік база, ауқымды инвестиция қажет.
Егер технологиялық өнім туралы айтатын болсақ, онда Қытайдың кез келген технологиялық өнім үшін өте маңызды бөлік – сирек металл тұрғысында артықшылығы бар. Мұнда сирек кездесетiн металдардың 70% өндiрiледi: галлий, германий, индий секілді аса маңызды химиялық элементтер кездеседі. Сирек металдың әлемдік нарығы небары 13 млрд доллар болса да, триллиондаған доллар көлеміндегі технологиялық өнім сирек металға тәуелді. Яғни, АҚШ пен Қытай арасындағы кез келген келеңсіздік, тіпті сауда қатынасының уақытша тоқтауы да ғаламдық экономикаға оңайға соқпайды. Осы орайда басты сауал туындайды: ғалам экономикасының қос алпауыты еларалық сауда қатынасын түбегейлі тоқтатуға қаншалықты дайын? Себебі жағдайы соған келе жатыр.
Бұлай бола қалса, алдымен АҚШ зардап шекпек. Сарапшылар ішкі нарықтағы тауар құны әп-сәтте көкке көтеріледі деген ойда. Мысалы, iPhone-ның бағасы 3,5 мың долларға дейін жетуі мүмкін. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың да бағасы артатын болады. Америкалықтар Қытайдан келетін тауарды тез арада алмастыра алмайтынын айттық, әлемде мұндай ауқымды өндіріс қарқыны жоқ. Ал АҚШ аумағында өндірісті құруға инвестиция, тариф өзгерісі мен көп уақыт қажет.
Сауда соғысындағы Бейжіңнің тағы бір «көзірі» – АҚШ облигациялары. Қытайдың қолында 759 млрд долларды құрайтын АҚШ облигациялары бар. Ахуал нашарласа, олар облигацияларды жаппай сатуы ықтимал. Мұның қандай кейіпте болатыны 2 сәуірде байқалды, инвесторлар кедендік баж салығы көтерілген шақта облигацияларды дүрліге сатқаны еді. Мұндай қадам қайталанса, АҚШ-қа бюджет тапшылығын жою қиынға түсетіні анық. Ал сауда айналымы тоқтап немесе көлемі кеміді дегенше, Қытай облигацияларды ұстап отырмайды дей беріңіз. Жоқ дегенде, кәсіпорындардағы шығының орнын толтыру үшін қолданатыны түсінікті.
Басымдық – Бейжіңде
Қалай дегенмен, тариф дауының басты себебі Қытай секілді. 9 сәуірде Трамп барлық елге енгізген кедендік баж салығына қатысты өзгерісті 90 күнге шегерді, қазір тек 10 пайыздық меже сақталған. Көп өтпей, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин досы екенін әрі онымен кездесуге әзір екенін жеткізді. Демек Трамп Қытайға басымдық беріп отыр деген сөз.
Қытайдың да күткені осы болғанымен, мұндай өзгерісті таңданыспен қабылдағаны шындық. Бейжің үшін аз да болса жаһандану үрдісін сақтау маңызды. Әрине, көршіміздің өз мәселесі бастан асады, алайда АҚШ бастаған сауда соғысында жеңіліс табатын тарап емес.
Жалпы Трамп тез шешімге құмар, сол үшін америкалық бюрократияның қазанында қайнаған тәжірибесін шашып-ақ жатыр. Бейжің қарсыласты ауыздықтауға тырысып, неге болса да дайын екенін сездіріп әуре. Анығы, тайталаста Қытайдың экономикалық процестерді басқару жолы басым түсетін секілді. Себебі, Қытай экспортындағы АҚШ үлесі – 13 пайыз, егер экономикалық текетірес ушықса, экспорттан жоғалтқан шығынды юаньнің көмегімен қайтаруы ғажап емес және біразға дейін шыдас беруі мүмкін.
АҚШ туралы бұлай айтуға болмас. Қытайға тасымалданатын қарапайым соя экспортын жоғалтудың өзі - дәстүрлi республикалық штаттардағы фермерлерге үлкен соққы. Ал жаппай тұтыну өнімдері бағасының өсуі халықтың жағдайын нашарлатып, электораттың көңіл-күйіне әсер ететін болады. Мысалы, жақында қор биржасындағы дүрлікпеден АҚШ зейнетақы қорын дүр сілкіндіргені есте. Ірі инвесторлар мен орта тап та «таяқ жеді». Мұның бәрі 2 сәуірдегі кедендік баж салығына қатысты шешімді 3 айға шегеруге итермелеген-ді. Бұл халық пен ауқатты кәсіпкерлердің Трамп саясатына қаншалықты әсер ете алатынын көрсетті.
Сонымен, АҚШ Қытайды сауда соғысындағы жалғыз қарсыласына айналдырды. Алайда ығына көнбеген Бейжің саясаты Трампты әлі де тығырыққа тірейтіндей. Олай дейтініміз, АҚШ президенті - сабырсыз. Оның тактикасына еті үйренген қарсыласы асығар емес, түбі алғашқы қадам мұхиттың арғы жағында жасалатынын түсініп отыр. Бұл күн де алыс емес...
Қазақстанның жаһандану дағдарысына жауабы қандай?
Қазақстан көзімен қарасақ, сауда соғысы еш жақсылық әкелмейді. Әрине, құрлықтың қақ ортасындағы ел үшін сауда қатынасын дамыту маңызды. Осы тұрғыда біз үшін жаһандану үрдісі әрқашан өзекті фактор болған. КСРО кезінде аймақ географиялық оқшауда жатты, енді бүгін Еуразиның сауда жолына тамыр байлауға талпынып отырмыз. Ол үшін ЕуроОдақ пен Қытай арасындағы сауда маршрутына айналу, солтүстік пен оңтүстікті байланыстыратын көпір болу қажет. Осының бәрі жаһандану дағдарысына жауап ретінде аймақтандыру форматын дамытуды талап етеді.
Бір жайт анық, егер ғаламдық текетірес тоқтамаса, іс те нашарға шабады. Халықаралық сауда көлемінің қысқаруы, инвестиция ауқымының азаюы, сұраныс пен шикізат бағасының төмендеуі күтіп тұр. Мұндай жағдайда мемлекеттер ұлттық валютаның әлсіреуін пайдаланып қалған нарық үшін күреспек. Атап айтқанда, Қытай экспортты субсидиялау және юаньді әлсірету арқылы тасымалды арттыруға тырысуы мүмкін.
Жақсы ырымға бастасақ, ең ықтимал болжам – келісім. Яғни, АҚШ пен Қытай экономика шаңырағын шайқалтпай, ымыраға келуі ықтималдығы жоғары. Қос ел де мүдделі: Бейжіңге – жаһандану үрдісі қажет, Трамп – уақытқа сараң.
Бұған дейін Трамп шешімі жаһандану үрдісіне қалай әсер ететінін жазған болатынбыз.