Бұл туралы бүгін елордада өткен брифинг барысында ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Рысқали Дәуренбек мәлім етті.
Естеріңізге сала кетейік, «Work & Travel» бағдарламасы бойынша АҚШ-та жұмыс істеп жүрген павлодарлық Айнұр Ахметова Массачусетс штатындағы госпитальдердің бірінде ес-түссіз жатыр. Р.Дәуренбектың айтуынша, ол түнде өзі жұмыс істеп жүрген қонақүйдің бассейіне шомылып, белгісіз жағдайда суға батқан. Қонақүй қызметкерлері қызды судан шығарып, полиция мен жедел жәрдем шақырған. Американдық полицейлер оқиғаны 4 тамыз күні еліміздің АҚШ-тағы Бас консулдығына хабарлаған. Медицина қызметкрелерінің атап өтуінше, ол қазіргі уақытта аппараттың көмегімен тыныс алып жатыр.
ҚР Сыртқы істер министрлігі Айнұрдың апайының шұғыл арада АҚШ-қа ұшып баруы үшін американдық виза алуға жәрдем берді. Қазіргі уақытта ол Америкада, қасында аудармашы бар.
«Ертең түс кезінде, шамамен сағат 12-лерде дәрігерлердің консилиумы өтеді, оған зардап шегушінің апайы қатысады. Дәрігерлер мен қыздың ата-анасы Айнұрдың өмірін жасанды түрде ұстап тұрған аппаратты өшіру, өшірмеу мәселесін шешеді. Әзірше Айнұрдың тыныс алып жатқандығын айтқымыз келеді, біз қолымыздан келген көмекті жасаймыз. Қажет болған жағдайда оны Қазақстанға жеткізуге де қаржы бар», - деді Р.Дәуренбек.
Сондай-ақ дипломаттың атап өтуінше, полиция қызметкерлері бұл жайтты оқыс оқиға деп бағалауда. «Оны судан шығарғанда денесінде ешқандай соққы іздері болған жоқ. Сонымен қатар қастандық жасау, тонау мәселесі де қарастырылып отырған жоқ», - деді ол.