АҚШ компаниясы игеретін вольфрам кенішіне бұрын Қытай компаниясы да қызыққан

Фото: drag-radiodetali.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» акционерлік қоғамы Kazinform сауалына жолдаған жауапта АҚШ компаниясы игереді делінген вольфрам кенішінің Қытай компаниясымен байланысты тарихына ресми түсінік берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-тағы «C5+1» саммиті аясындағы сапары кезінде «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Cove Capital арасында Қазақстандағы вольфрам кенішін бірлесіп игеру туралы келісім жасалған болатын. АҚШ-тың экспорт банкі бірлескен жобаға 900 млн доллар беруге мүдделі екені де айтылған.

Әңгіме Қарағанды облысындағы Солтүстік Қатпар кен орны туралы болып отыр. 2018 жылы бұл кенішке Қытайдың Xiamen Tungsten Co., Ltd компаниясы қызығушылық танытып, «Тау-Кен Самұрықпен» жоба аясындағы жалпы принциптер мен ережелерді айқындайтын шеңберлік келісім жасалғанын іскерлік ресурстар жазған болатын. Арада 7 жыл өткенде аталған кенішке АҚШ инвесторы кіретіні белгілі болып отыр. Reuters-тің жазуынша, АҚШ-тың Cove Capital компаниясы Солтүстік Қатпар және Жоғары Қайрақты кеніштерін игеретін бірлескен компанияның 70%-ына, «Тау-Кен Самұрық» АҚ 30%-ына иелік етпек. 

«Тау-Кен Самұрық» компаниясының жауабында Қытай тарапымен басталған келісім неге аяқсыз қалғаны айтылған.

- «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кенорындарына қатысты Xiamen Tungsten Co., Ltd-мен заңды түрде міндеттейтін келісімдер жасасқан жоқ. 2018 жылы Өзара түсіністік туралы меморандумға және Term Sheet-ке қол қойылды (аталған құжаттар «non-binding», яғни алдын ала, заңды түрде міндетті емес). Алайда кейінірек компанияның негізгі акционері мәмілені мақұлдамауына байланысты Xiamen Tungsten жобаға қатысудан бас тартты. Бұрын хабарлағанымыздай, Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кенорындарының қатысу үлесі немесе игеру құқығы қытай компаниясына берілген жоқ, - деп жазылған жауапта.

Осыны алға тартқан «Тау-Кен Самұрық» мамандары Cove Capital-мен арадағы жаңа келісім қытайлық инвестормен арадағы келісімді бұзу емес екенін баса айтады.

- Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, америкалық тараппен келіссөздер мен қол жеткізілген уағдаластықтар бұрынғы келісімдерді қайта қарау немесе өзгерту емес екендігін жеткіземіз.

Солтүстік Қатпар және Жоғарғы Қайрақты кен орындарын игеруге қатысу үлесі немесе құқығы қытайлық Xiamen Tungsten Co., Ltd компаниясына берілмегеніне тағы да назар аударамыз.

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ-ның әрекеттері қазақстандық заңнамаға және халықаралық келісімдерге қайшы келмейді, - делінген ұлттық тау-кен компаниясының жауабында.

Коллаж: Kazinform