АҚШ Конгресі Орталық Азиядағы лаңкестікке қарсы күресті талқылады

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM - АҚШ Конгресінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша кіші комитетінде «Оңтүстік және Орталық Азиядағы лаңкестік қауіп-қатер жағдайын бағалау мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерделеу» тақырыбында тыңдау өтті, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Тыңдаудың ашылуында комитет төрағасы, Өкілдер палатасының республикашылы Билл Хёйзенг аймаққа ғана емес, бүкіл әлемге қауіп төндіретін «Әл-Қаида» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.), ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) және «Техрик-е Талибан Пәкістан» тобының күштерін жинақтауына алаңдаушылық білдірді. 

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының демократ мүшесі Сидни Камлагер-Дав АҚШ лаңкестер ең көп шоғырланған Оңтүстік және Орталық Азиядағы лаңкестікке қарсы күресте маңызды серіктес болуы керектігін атап өтті. 

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Саясаткер ДАИШ-тің 2024 жылы Ресей мен Иранда лаңкестік әрекеттер жасайтынын, олардың жоспарлары аяқсыз қалған Германия, Аустрия, Франция және Түркия сияқты Еуропа елдеріне деген ұмтылыстарын, сондай-ақ АҚШ-қа төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді cөз етті.  

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Жаңа америкалық қауіпсіздік орталығының Үнді-Тынық мұхиты бағдарламасының директоры Лиза Кертис Оңтүстік және Орталық Азиядағы лаңкестік қаупі күрделі және Америка Құрама Штаттарының қауіпсіздігіне және оның ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне әсер етуі мүмкін қауіп-қатерлерді бақылау және ұстау үшін Америка Құрама Штаттарының назарын талап ететінін жеткізді. 

Сарапшы Вашингтонға аймақтағы әрбір елмен лаңкестікке қарсы күресте ынтымақтастық орнату, сондай-ақ келетін қауіптерді жою үшін серіктестермен бірлесіп шаралар қабылдау қажет екенін айтты. 

Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform
Фото: Рүстем Қожыбаев / Kazinform

Демократиялық конгрессмен Джулия Джонсон терроризммен күрес Америка Құрама Штаттары үшін басымдық болуы керек деп есептейді. 

Бұған дейін АҚШ мексикалық картельдерді шетелдік лаңкестік ұйым деп танығаны хабарланған болатын.