АҚШ Конгресінің кітапханасында Наурыз мейрамы атап өтілді

СТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат - Наурыздың 17-сі күні АҚШ Конгресі кітапханасының бас залында Наурыз мейрамының құрметіне арналған салтанатты дипломатиялық қабылдау өтті.

Бұл шараға халықтары осынау Ұлыстық Ұлы күнін атап өтетін елдердің Вашингтонда тіркелген елшіліктері атсалысты, деп хабарлады Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігінің баспасөз қызметінен.

Салтанатты қабылдауға қатысқан АҚШ-тың ресми тұлғалары, конгресшілер, дипломатиялық корпустың, іскер және академиялық топтардың өкілдері ұлттық мәдениет пен салт-дәстүр жәдігерлері қойылған «қазақ бұрышына», сондай-ақ Қазақстанда Наурыз мейрамының тойлану дәстүрі туралы деректер ілінген танымдық стендке жоғары баға берді. Американдық қонақтар сонымен бірге, Наурыз-көже дайындау барысымен танысу және көжеден дәм тату мүмкіндігіне ие болды.

Қабылдаудан кейін кітапхананың концерт халында мерекелік концерт қойылды. Онда АҚШ-та білім алып жатқан жас дарындар Олжас Баялбаев (домбыра) пен Айжан Төлеубаева (қобыз) өнер көрсетті. Кеш қонақтары қазақстандық студенттердің тамаша өнеріне тәнті болды.

1800 жылы құрылған Конгресс кітапханасы АҚШ-тың байырғы мәдени мекемесі және білім мен ілімнің әлемдегі ең үлкен қоры болып табылады.