Американың бұқаралық ақпарат құралдары хабарлағандай, бүгінде аталған құжатты 100 сенатордың 25-сі қолдап отыр. 50 сенатор әзірше қалыс қалуда. Оған қоса, Өкілдер палатасының тағы 435 мүшесі бар. Олардың 24-і Сирия мәселесін соғыс арқылы шешуді қолдаса, 123-і қарсылық білдіріп отыр. Ал қалғаны әлі ойланып жатыр. Жалпы, Америка халқының басым бөлігі соғысқа қарсы.
Айта кетейік, АҚШ Конгресі екі палатадан тұрады. Біріншісі - Сенат, екіншісі - Өкілдер палатасы. Жақында осы елдің президенті Б.Обама Сирияның Даммаск қаласында химиялық қаруды қолдану оқиғасына байланысты Б.Асадтың билігіне қарсы әскери операцияны өткізу бастамасын көтерді. Осыған орай, ол арнайы резолюцияны АҚШ Конгресінің қарауына енгізді. Бүгінде оның бұл бастамасын әлемнің бірқатар мемлекеттері де қолдап отыр. Алайда халықаралық шарттарға сәйкес, БҰҰ-ның рұқсаты болмай, әскери интервенцияны бастауға болмайды. Бейбітшілік үшін Нобель сыйлығының лауреаты Б.Обама БҰҰ-ның шешіміне қарамай, Сирияға қарсы соғысты ашуға мүдделі.