АҚШ Құпия қызметі Ақ үйге оқ жаудырған адамды мерт қылды

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, ер адамның «зорлық-зомбылыққа толы өткен өмірі болған және Ақ үйге қатысты ықтимал әуестігі» бар, деп Euronews.com сайты.

Фото: nps.gov

Құпия қызмет агенттері қарулы ер адамға дер кезінде кері жауап қайтарып, атып салған.  Бұл ақпаратты АҚШ президенті Дональд Трамп пен құқық қорғау органдарының өкілдері хабарлады.

Мәліметке сәйкес, ер адам қаруын шығарып, жергілікті уақытпен шамамен сағат 18:00-де 17-көше мен Пенсильвания-авеню ауданында оқ жаудырған. Бұл туралы АҚШ Құпия қызметінің қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Энтони Гульельми мәлімдеді.

Гульельмидің айтуынша, сол уақытта Дональд Трамп Ақ үйде болған және ол зардап шекпеген.

— Құпия қызмет қызметкерлері жауап ретінде оқ атып, күдіктіні жаралады. Ол жақын маңдағы ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оның қайтыс болғанын растады, — делінген хабарламада. Сонымен қатар атыс кезінде бір бейбіт тұрғын жараланған.

Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шекпегені хабарланды.

Трамп Truth Social желісіндегі жазбасында шабуыл жасаған адамның «зорлық-зомбылық тарихы болғанын және Ақ үйге әуестенуі мүмкін екенін» айтып, арнайы қызметтердің «жедел әрі кәсіби әрекетін» жоғары бағалады.

Оның айтуынша, бұл жағдай «болашақ барлық президенттер үшін Вашингтонда бұрын-соңды жасалған ең қауіпсіз әрі қорғалған кеңістіктің маңызын көрсетеді», — деді Трамп.

Соңғы екі жылда Трамп бірнеше рет ықтимал қастандық нысанасына айналған.

Бұл оқиға Ақ үй корреспонденттер қауымдастығының кешкі асы кезінде болған атыстан бір ай өтпей жатып тіркелді. Ол кезде Трамп та қатысқан іс-шараға шабуыл жасамақ болған күдіктіге АҚШ президентін өлтіруге әрекеттенді деген айып тағылған.