АҚШ Ливияның алтын қоры үшін аласұрды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Мемлекеттік департаменті Интернетте бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның сенсациялық хаттарын жариялады. Хаттардағы айтылғандарды президенттік додаға қатысып жатқан Клинтон үшін саяси аяқтан шалу деп атап жатыр. Олардағы келтірілген мәліметтер батыс саясаткерлерінің АҚШ-тың Ливиядағы интервенциясы кезіндегі әрекеттерінің бет пердесін ашып береді, деп хабарлады Вести.ру.

Хиллари Кллитонның сайлау алдындағы күлкісі қиындай түспек. Үміткерге жағылған күйе жетерлік, сондықтан да ол өзі үшін үгіттеуден гөрі көбірек ақталуына тура келіп жүр. Бұрынғы мемлекеттік хатшының тағы 3 мың хаты жұртқа жария болды. Олардың бірін өзінің кеңесшісі Сидни Блюментаймнан алыпты. Үлкен әріптермен - «құпия, Хиллари үшін» деп жазылған. Құжат Каддафи үкіметінің алтын қоры көлемі туралы баяндайды. 2011 жылы, американдықтардың бағалауынша, Ливияда қаржылық қорлар шаш-етектен болған. Штаттарды ел бұл қорларды қалай пайдаланатыны өте мазасыздандырған.

«Каддафи үкіметінде 143 тонна алтын және сонша күміс бар. Бұл алтын ливиялық алтын динар негізінде панафрикандық валюта құруға арналған», - делінген хатта. Батыс шынымен-ақ теңселіп кетті: егер Каддафи өз жоспарын жүзеге асырса, жаңа валюта Африка елдеріндегі доллар мен франктерді ығыстырары сөзсіз еді. Американдықтар да, еуропалықтарда Каддафидің қолына орасан зор аймақтық қаржы тетігін қалай ұстатып қояды?!

Хат 2011 жылғы 2 сәуірде жазылған. «Араб көктемі» күшіне мініп тұрған кез еді. Триполи көшелерінде сырттан қолтығынан су бүріккен бүлікшілердің қимылынан тым ыстық еді, оған қоса коалиция әскерлері зымыран-бомба соққыларымен Ливияның есін жидырмай жатыр. Саясаткерлер экрандардан ливия халқын жауыз Каддафиден қалай қорғап жатқандарын айтып, сайрап жатыр.

«Каддафи ливия халқының сенімінен айрылды және елді басқару құқығын жоғалтты. Ол зомбылық жолын таңдады. Біздің барлық іс-қимылымыз бейбіт азаматтарды қорғауға бағытталған», - деп мәлімдеді АҚШ президенті Барак Обама.

Ал Мемлекеттік департаменттің құпия хаттарында мүлдем басқа әуендер көрсетілген. Бірінші мәселе демократияны қорғау емес, мұнай... «Араб елдеріндегі революциялар біздің өзара қатынастарымыздағы жаңа дәуірді ашты. Онда бостандық пен демократия диктаторлық режимдерге қарсы тұруда», - деді сол кезде Франция президенті Николя Саркози.

«Біз жаңа қадам жасап жатырмыз. НАТО бойынша өзіміздің одақтастарымызбен бірге біз Ливияның ұшуға тыйым салынған аймағына қолбасшылық пен бақылауды Альянс күштері жүзеге асырады деп уағдаластық. Барлық 28 одақтас-елдер азаматтық халықты кеңінен қорғауды қамдамасыз ету үшін операцияны жүргізу жоспарын жасауға қосылады», - деп мәлімдеді сол кезде Хиллари Клинтон.

Ливиядағы батыстың әскери науқанының бірнеше айы ішінде-ақ бес мыңға жуық адам өлді және жараланды. Ел өзінің көшбасшысы Муамар Каддафиден де айырылды. Өлтірілген президенттің денесін мазаққа айналдырған жантүршігерлік кадрлар бүкіл әлемге таралды. «Араб көктемі» кезінде Ливия лаңкестікті әлпештеп өсіретін жерге айналды. Қазір оның бұдан бес-ақ жыл бұрын ең дамыған Таяу Шығыс мемлекеті болғанына сену қиын. Каддафидің өзі де егер радикалдар жеңіске жететін болса, аймақтың халі нешік болатынын айтып кеткен болатын.

Ливияны бөлшектей отырып, Каддафи үкіметінің алтын қоры да тоналды. Шамамен бұл 7 миллиард доллар! Батыс Клинтонның хаттарындағы көздеген мақсаттарына жетті - енді аймақта баламалы және бірыңғай валюта келмеске кетті. Оның орнына Солтүстік Африка мен Таяу Шығысты түгелімен лаңкестер ұялары орап алды. Президентікке үміткер ханым сайлау алдындағы әр сөзінде дерлік «Ислам мемлекетімен» күресуге ант-су ішеді, алайда Хиллари Клинтон қазір өз хаттарында не жазып жатқанын кім білсін?!