АҚШ магнаты Макаодағы ойынханаға 4 миллиард доллар жұмсамақ

АСТАНА. 6 маусым ҚазАқпарат -  Американдық ойынхана магнаты Стив Уинн Макаода құны 4 миллиард доллар тұратын жаңа ойынхана кешенін салмақ, деп хабарлады Лента.ру.

Уинн бұл жоба аймақтың инвестициялық ахуалын жақсартып, клиенттерді тартуға және Макаодағы ойынханалардың табысын ұлғайтуға жәрдемдеседі деп мәлімдеді.

Associated Press  агенттігінің хабарлауынша, Уинн 557 мың шаршы метр аумақта жалпы саны екі мың нөмірге арналған қонақ үйлерін, түнгі клуб, он мейрамхана, бірнеше дүкен, сондай-ақ 500 ойын үстелі орналасатын ойынхана кешенін салмақшы.

Макао ҚХР-дың оңтүстігіндегі автономиялық аумақ. Қытайда ойын бизнесіне тыйым салынғанымен, Макаоның өз заңнамасы бар (ҚХР-дың орталық билігіне осы округтің қорғаныс жүйесі ғана бағынады), мұнда ойынхана құрылысына рұқсат етілген. Макаода ойын-сауық бизнесі жақсы дамыған, сонымен қатар аймақ ірі қаржы және логистика орталығы.  Макао аумағында 33 ірі ойынхана жұмыс істейді.

70 жастағы Стив Уинн әлемнің ең бай ойын магнаттарының бірі. 2012 жылдың бірінші тоқсанында оның компаниясының табысы 1,3 миллиард долларды құрады. Оның 70 пайызы Макаодан алынды. Стив Уинннің сондай-ақ Лас-Вегаста да ойынхана желісі бар.