АҚШ Палестина президенті Махмұд Аббасқа келесі аптада өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу үшін елге кіру визасын бермеді.
Дональд Трамп әкімшілігі Палестина көшбасшысының отырысқа жеке қатысуына екінші жыл қатарынан кедергі келтіріп отырғаны хабарланды.
2025 жылғы қыркүйекте Аббас Бас Ассамблея алдында бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеуге мәжбүр болған.
АҚШ Мемлекеттік департаменті сәрсенбі күні Палестинаны азат ету ұйымы мүшелері мен Палестина әкімшілігі өкілдеріне қатысты визалық шектеулерді ұзартатынын мәлімдеді. Ведомство оларды реформалар жөніндегі міндеттемелерін орындамады және Вашингтонның бағалауынша, бейбітшілік орнату перспективаларына нұқсан келтіретін әрекет жасады деп айыптады.
Америкалық тарап негіздердің қатарында Израильге қатысты халықаралық сот органдарына жүгіну және Палестина мемлекетін біржақты мойындатуға бағытталған бастамаларды атады. Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік департаменті өзі терроризмге қатысы бар деп санайтын тұлғаларға төлем жасау және зорлық-зомбылықты дәріптеу мәселелеріне қатысты да талап қойды.
Палестина Сыртқы істер министрлігі визадан бас тартуды негізсіз деп атады.
— Бұл шара сенімді қалпына келтіруге, Палестина мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты дамытуға, сондай-ақ екі мемлекет шешімін жүзеге асыруға және өңірде бейбітшілік пен тұрақтылыққа қол жеткізуге қажетті саяси жағдай қалыптастыруға бағытталған күш-жігерге қайшы келеді, — делінген ведомство мәлімдемесінде.
Бейсенбі, 17 қыркүйекте Бас Ассамблея алдағы жиын барысында Аббасқа бейнеүндеу жолдауға мүмкіндік беру мәселесі бойынша дауыс беруі тиіс.
Сонымен бірге Вашингтон БҰҰ жанындағы Палестина өкілдігі қызметкерлеріне визалық шектеулерден босатуды сақтайды. Бұл олардың Нью-Йорктегі жұмысын жалғастыруына мүмкіндік береді.
1947 жылғы БҰҰ штаб-пәтері туралы келісім, әдетте, АҚШ-ты шетелдік дипломаттардың ұйымға кіруін қамтамасыз етуге міндеттейді. Алайда Вашингтон қауіпсіздік, экстремизмге қарсы күрес және сыртқы саясат қағидаттары негізінде виза беруден бас тартуға құқығы бар екенін мәлімдейді.
Палестина БҰҰ-да ұйым мүшесі емес бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие және Бас Ассамблеяда дауыс беру құқығы жоқ. Осындай мәртебеге Ватиканның Қасиетті Тақ өкілдігі де ие.