Бұл хабарландыру АҚШ билігіне халықты вакцинациялауды тым баяу жүргізіп, жұқпалы аурудың таралуын ұстай алмағаны үшін сын күшейген кезде жасалды.
Шамамен екі апта бұрын азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы Данияда вакцина шығаратын Bavarian Nordic кәсіпорнында қажетті тексеру жұмыстарын аяқтағанын хабарлаған.
Басқарма сертификаттау сәтті аяқталғанын мәлімдеді.
АҚШ-тың денсаулық сақтау департаменттеріне екі рет қолданылатын Jynneos вакцинасының 310 мыңнан астам дозасы жіберілген.
Бірақ елдің Сан-Франциско, Нью-Йорк және басқа да ірі қалаларындағы клиникалар екпенің сұранысты қанағаттандыруға әлі де жеткіліксіз екенін атап өтті.
Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметінше, 27 шілдеге дейін АҚШ-та маймыл шешегі вирусын жұқтырудың 4600-дан астам жағдайы тіркелді.
Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіш.
Ел шенеуніктері осы айда вакцинаның тағы 5 млн дозасына тапсырыс бергенін жариялады, бірақ соның көп бөлігі елге келесі жылға дейін жеткізілмейтіні күтілуде.