АҚШ Мексикамен шекарадағы қорғанға $21,6 млрд. жұмсайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Мексикамен шекараға орнатқысы келген қорған құны 21,6 миллиард долларды құрайды, деп хабарлады 'Коммерсант' Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік министрлігінің есебіне сәйкес, қорған тұрғызуға үш жылдан астам уақыт керек және құрылыс үш кезеңмен жүзеге асырылады. Осылайша, 2020 жылға қарай, қорған ұзындығы 1250 мильге (2000 шақырым) жетеді. Ақ үй бұл ақпаратқа пікір білдіруден бас тартты.

Еске сала кетсек, АҚШ президенті Дональд Трамптың ымырасыз позициясынан және оның шекараға қорған тұрғызу туралы шешімінен 31 қаңтар күні Вашингтонда өткізіледі деп жоспарланған америкалық-мексикалық саммит болмай қалды.

Мексика президенті Энрике Пенья Ньето Трамптың қорған құрылысының шығындарын мексикалық тарап өтесін деген талабын орындаудан үзілді-кесілді бас тартты.