АҚШ Мемлекеттік департаменті Грузиямен стратегиялық серіктестікті тоқтатқанын мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM – Вашингтон Грузия билігінің елдің ЕО-ға кіруі жөніндегі келіссөздерді тоқтату туралы бастамасына және Тбилисидегі наразылық акциясына қатысушыларды қатаң түрде басып-жаншуына байланысты Тбилисимен әріптестігін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Америка Құрама Штаттары өздерінің негізгі принциптерін бұзған Грузиямен стратегиялық серіктестігін тоқтатты. Бұл туралы 30 қарашада АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Мэттью Миллер хабарлады. Ресми мәлімдеме департаменттің сайтында жарияланған.
- Вашингтон мен Еуропалық Одақ «Грузин арманы» партиясының ЕО-мен интеграция процесін тоқтату туралы шешіміне өкініш білдіреді, - делінген мәтінде.
Мэттью Миллердің айтуынша, халықтың басым көпшілігі Еуропамен интеграцияны қолдайды. Вашингтон грузин билігін «өз пікірін білдіру үшін бейбіт шеруге шыққан халыққа күш қолданды» деп айыптады.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің өкілі Грузия үкіметін еуроатлантикалық даму жолына оралуға, соңғы парламенттік сайлаудағы заңбұзушылықтарды ашық тергеуге және «сөз бостандығын шектейтін антидемократиялық заңдарды» жоюға шақырды.
Айта кетейік, Грузияда соңғы үш күнде халық жаппай митингке шығып жатыр.