АҚШ Мемлекеттік департаментінде 1000-нан астам адам жұмыстан шығарылды

Фото: azertag.az

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Мемлекеттік департаментінің 1000-нан астам қызметкері Трамп әкімшілігінің федералдық қызметкерлер санын қысқарту жөніндегі әрекеттері аясында жұмыстан шығарылды.

AZƏRTAC шетелдік БАҚ-қа сілтеме жасап хабарлағандай, жұма күні Мемлекеттік департамент қызметкерлеріне жіберілген хабарламаға сәйкес, мәжбүрлі түрде қысқартуға азаматтық қызметтегі 1107 және дипломатиялық қызметтегі 246 қызметкер іліккен.

Бұған қоса, биылғы жылдың басында 1500-ден астам қызметкер федералдық үкіметті кең көлемде қайта ұйымдастыру аясында өз еркімен қызметінен кеткен.

Сыншылардың айтуынша, бұл жаппай қысқарту департаменттің атқаратын жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мемлекеттік департаменттің Халық, босқындар және көші-қон істері жөніндегі бюросындағы босқындарды қабылдау бөлімінің мемлекеттік қызметкерлерінің басым бөлігі қысқартуға ұшыраған. Бұл бөлім АҚШ-тағы босқындарды қоныстандыру мәселесімен айналысады.

Сондай-ақ Ауған босқындарын қоныстандыру бойынша үйлестіру жұмыстарын жүргізетін Мемлекеттік департаменттің CARE бөлімінің қызметкерлері де қысқартуға ілінді.

Бұл қысқартулар Жоғарғы сот Трамп әкімшілігінің федералдық қызметкерлер санын азайту жоспарын жүзеге асыруға болады деген шешім қабылдағаннан бірнеше күннен кейін орын алды.

Қызметкерлер санын қысқарту — Президент Дональд Трамптың мемлекеттік шығындарды азайту жөніндегі сайлауалды уәдесіне байланысты қолға алынған шара.

Айта кетелік АҚШ 1 тамыздан бастап ЕО мен Мексика тауарларына 30% кедендік баж салығын енгізеді.